Алматының Өжет және Шаңырақ шағын ауданында жаңа жолдар салынып жатыр

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында құрылыстың қарқынын, жұмылдырылған жұмысшы күші мен техника санын тексерді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде Жаңа Алматының шағын аудандарындағы жол құрылысының барысын тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалаға қосылған елдімекендерде кезінде жол-көлік және инженерлік инфрақұрылымдар мүлдем болмаған, сондықтан қала шетіндегі шағын аудандарға жол салу жобасы «Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында жүзеге асырылуда. Қала әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша Өжет шағын ауданында ұзындығы 11,3 км болатын 87 көшеге, ал Шаңырақ-5 шағын ауданындағы ұзындығы 6,6 км болатын 29 көшеге алғаш рет жол салу жоспарлануда.

Қазіргі кезде Өжет шағын ауданындағы 15 көшеде жол-құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл іске 50-ге жуық арнайы техника бірлігі мен 70 жұмысшы жұмылдырылған. «Шаңырақ-5» шағын ауданындағы 18 көшеде 26 арнайы техника бірлігі мен 50 жұмысшы жол салумен айналысуда.

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында құрылыстың қарқынын, жұмылдырылған жұмысшы күші мен техника санын тексерді, сонымен қатар қолданылатын материалдардың сапасына назар аударды. Мердігерлер аталған шағын аудандардағы жолдарға асфальт төсеу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлауда.

Өжет шағын ауданының тұрғындары Алматы әкімдігіне алғыстарын білдірді, өйткені мұнда жаңа жолдар алғаш рет салынуда. Сонымен қатар, «Жаңа Алматы» Кешенді даму жоспары аясында алғаш рет көше жарығы орнатылды. Қала әкімімен әңгіме барысында тұрғындар балалар алаңдарын салуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуге тілектерін білдірді. Б. Сағынтаев «Бюджетке қатысу» жобасы аясында бірнеше ойын алаңдарын салудың жоспарланғанын хабарлады. Бұдан өзге, Полиция департаменті Өжет шағын ауданында полицияның модульді постын ашады және видеобақылау камераларын орнату мүмкіндігі қарастырылады.

«Шаңырақ-5» шағын ауданының тұрғындары да алғаш рет салынып жатқан жолдар үшін ризашылықтарын білдірді. Қала әкімімен әңгіме барысында олар бейнебақылау камераларын орнатуды және электр энергиясының жиі сөнуіне жол бермеу әрі тарифтерді жалпықалалықпен теңестіру үшін электр желілерін қала балансына беру процесін аяқтауды сұрады. Б. Сағынтаев Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасына көтерілген мәселелерді шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Тұрғындардың өтініші бойынша жақын орналасқан қарағайлы бақта балалар алаңдарын жасау қарастырылады. Әлеуметтік инфрақұрылым жөніндегі сұрақтарға жауап бере келіп, қала әкімі көршілес Саялы-2 шағын ауданында 550 орынды мектеп салудың жоспарланғанын еске салды.

Қала әкімі ұзындығы 1,6 км болатын Құрманғазы көш. Мұқанов көш. Наурызбай батыр көшесіндегі жолдарды орташа жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Жұмысты аяқтау 2021 жылдың маусымына жоспарланған.

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жол жөндеу жұмыстарының сапасын тұрақты бақылауда ұстауды және жобаларды белгіленген мерзімдерінде аяқтауды тапсырды.

Биыл ұзындығы 196,5 км болатын 200 көшені орташа жөндеу жоспарлануда. Олардың ішінде ұзындығы 44,4 км болатын 18 магистральді көше бар. Қазіргі кезде ұзындығы 58,5 км болатын 41 көшеде жөндеу жұмыстары жүруде, олардың 14-і магистральді, ал 30-ы жергілікті маңызы бар жолдар. Жергілікті маңызы бар ұзындығы 14,5 км болатын 17 көшедегі жұмыстар аяқталды.

Новости партнеров