Соңғы үш жылда Алматы қаласында 650 шақырым жол жөнделіп, 100 шақырым жаңа жол салынды
Almaty TV арнасындағы «Алматы көшелері» бағдарламасының әр шығарылымында авторлар қала тұрғындары, тарихшылар және сәулетшілермен бірге бұрын беймәлім болған деректерді ашып, қалалық билік өкілдерімен бірге Алматы көшелері мен даңғылдарын қайта жаңғырту, қоғамдық кеңістіктерді түрлендіру жоспарлары туралы әңгімелейді.
Алматыдағы Жұмағали Саин атындағы көшенің Рысқұлов даңғылы мен Мөңке би аралығы биыл жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Жоспардағы шаруа тиісінше аяқталса, жолайрықтағы жол қозғалысы қарқын алып, көлік жүктемесі 30 пайызға дейін төмендейді.
Мәдениет пен өнердің, білім мен ғылымның орталығы, арманды арманға жалғайтын ару Алматының алып жатқан аумағы кең. Ондағы әр ғимарат, көшелер мен даңғылдар шаһар тарихынан сыр шертеді. Бүгінде алып мегаполистің негізгі магистралінің біріне айналған Саин көшесі де көпке куә.
Ж. Саин көшесі өткен ғасырдың 60-жылдары қалыптаса бастады. Ол қаланың оңтүстік-батыс бөлігі кеңейе бастағанда салынды. Сол жылдары құрылыс қарқынды жүріп, тұрғын үйлер көптеп тұрғызылды. Көшенің екі жағына көгалдандырылған жаяу жүргіншілер жолы салынды. Онда терек, емен, қарағаш тәрізді ағаштар егіліп, саялы аллеялар ашылды. 1964 жылы көшеге ақын, қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Жұмағали Саинның есімі берілді.
«1950-60 жылдары Алматы қаласының бас жоспары жасалып жатқан кезде шаһардың батыс жағында жаңадан көше салынды. Д. Қонаевтың ұсынысымен 1964 жылы мамыр айында ол көшеге Жұмағали Саинның есімін беру ұсынылды», - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев.
Саин көшесі оңтүстіктен солтүстікке қарай қаланың кіреберісіндегі Центральная көшесінен басталып, Әл-Фараби даңғылымен жалғасып жатыр. Ұзындығы 17 шақырым болатын жол Алатау, Әуезов, Бостандық аудандарын қиып өтеді. Онда сауда, ойын-сауық орталықтары, әлеуметтік маңызы бар нысандар мен қонақүйлер мен шипажай орналасқан.
Көше бойымен күніне мыңдаған автомобиль жүріп өтеді. Мегаполистің маңызды магистралінде қатынайтын қоғамдық көлік те көп. Темір тұлпар тізгіндегендер мен жаяу жүргіншілердің жайлылығы үшін онда 3 жолайрық қолданысқа берілді.
Жолайрықтар Төле би көшесі, Рысқұлов даңғылында және Мөңке би көшесімен қиылысқан тұста орналасқан. Көше бойында ашылған соңғы жолайрық та осы Саин мен Мөңке би көшелерінің түйіскен жерінде орналасқан. Бұл жаңа эстакада былтыр қолданысқа берілген еді.
«Қаладағы маңызды көшелердің бірі, сонымен қатар Әл-Фараби, ары қарай Н. Назарбаев даңғылдарына апаратын көше саналатындықтан, транзиттік үлкен көше деп білемін», «Мен күнде осы көшемен жұмысқа келемін, бұл көшеде көлік кептелісі де қатты болмайтындықтан автобустар жиі жүреді, ыңғайлы әрі кең көше», - деп пікір білдірді қала тұрғындары.
Сондай-ақ көлік қозғалысын жеңілдету үшін Саин көшесінің Рысқұлов даңғылы мен Мөңке би аралығындағы бөлігі биыл жыл соңында қолданысқа беріледі. Жауаптылардың айтуынша, тиісті шаруа жоспар бойынша аяқталса, Момышұлы көшесіндегі көлік жүктемесі 30%-ға азаяды.
«Қазір қалалық мобилділік басқармасының тарапынан Саин көшесін ұзарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Көшенің Рысқұлов даңғылы мен Мөңке би көшесі аралығының ұзындығы – 3,2 шақырым. Негізгі жұмыс 2018 жылы басталған еді. Алайда жер телімдерін сатып алу біраз уақыт алды. Жалпы 66 учаскенің қазір 65-і сатып алынды, тек біреуі қалды», - деді Мобилділік басқармасының бөлім басшысы Айдос Желдікбаев.
Аталған аумақта жарық бағаналары орнатылып, жол сызықтары дайын тұр. Сондай-ақ жоба шеңберінде екі бағытта да тротуар мен велосипед жолағын салу жоспарланған.
Айта кету керек, соңғы үш жылда Алматыда 85 жаңа және 71 қайта жаңғыртылған қоғамдық кеңістік пайда болды. Қалада 650 шақырым жол жөнделіп, 100 шақырым жаңа жол салынды. 2025 жылы орташа жөндеуден өтетін жол ұзындығы тағы 300 шақырымды құрап, 35 шақырымнан астам жаңа жол салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қала әкімінің бастамасымен алғаш рет «Қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша 10 көшені абаттандыру жобасы жүзеге асырылмақ. Биылғы жылы Достық даңғылы, Пушкин және Жібек жолы көшелерінде жұмыстар басталады деп жоспарлануда. Жоба аясында тек жүргін бөлігі ғана емес, сонымен қатар тротуарлар, аула аумақтары, қасбеттер мен көгалдандыру жұмыстары да жүргізіледі.
Еске салайық, Almaty TV-де «Made in Almaty», «Шаһар шырайы», «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сынды бірқатар жаңа бағдарлама эфирге жол тартты. Сонымен қатар алдағы уақытта «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобаларын шығару жоспарда бар.
Оқи отырыңыз: Күрделі ота асқан шеберлікті талап етеді: «Шаһар шырайында» хирург еңбегінің ерекшелігі баяндалады