Қала келбеті: алматылық жас ғалымдар смарт-сүзгі ойлап тапты

Оқушылар сарайының тәлім алушылары республикалық «Жас эколог» форумына да жиі қатысады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының ауа сапасын жақсартып, ауыз суын тазартуға мектеп оқушылары да білек сыбана кірісті. Жас ғалымдар өз қолымен смарт-сүзгі жасап, атмосферадағы улы заттарды анықтайтын жүйе ойлап тапқан.

Almaty.TV-дегі «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті саны қоршаған ортаны сақтаудың жолын ғылымнан іздеген өрендердің бұл еңбегіне арналмақ.

Алматы қаласының экологиясына бей-жай қарамайтын жастар көп. Солардың бір тобы Оқушылар сарайында зерттеу жұмысын жүргізеді. Дарындылар мектеп айналасында табиғи көгөніс өсірудің маңызын айтып, осы тақырыпта жоба қорғап үлгерген. Ал енді бірі жаһандық жылынудың қауіпті тұстарын тауып, шешу жолдарын анықтаған. 5 сыныпта білім алатын Аңсар мен Егор болса, боттың көмегімен жұмыс істейтін чат ойлап тауыпты. Қос достың тың бастамасы қала тұрғындарына ауа сапасының құрамындағы зиянды заттың мөлшері жөнінде ақпарат береді.  

«PM2.5 бөлшектері ауада көп кездеседі. Оның қалыңдығы адамның шаш талшығынан да жұқа. Улы зат адам өкпесіне түскендіктен көбі жазылмас дертке шалдығады. Бізді осы мәселе алаңдатқандықтан зерттеу жұмысын бастадық. Жұртқа пайдамыз тисе дейміз», – деді 5-сынып оқушысы Аңсар Сейсембек.

Жастайынан ғылымға бет бұрған оқушылар судың тазалығын тексеретін смарт-сүзгі де жасап шыққан. Құрылғы тіршілік нәрінің құрамындағы зиянды затты дереу анықтап, оны жойып береді. Ол үшін бар болғаны түтікшесін суға салып, күтсеңіз жеткілікті. Жоба авторлары мұндай жабдықтың саяхатқа шыққанда өте пайдалы екенін айтты.

«Алматы тауларына шыққан адам ауыз су мәселесіне тап болады. Бұл сүзгі соны шешуге бағытталған. Құрылғы 5 кезеңде жұмыс істейді және толықтай автоматтандырылған. Яғни, жабдық табиғаттағы суды тазарта түсіп, ағзаға зақым келмейтіндей етеді», – деді 11-сынып оқушысы Әнел Мұхамедова.

Орталықта экология бағытында зерттеу жүргізетін екі мыңға жуық бала бар. Олар шаһардың әр ауданынан келеді және ай сайын түрлі байқауда бақ сынайды. Тәжірибе арқылы шыңдалады. 

«Ғылыми зерттеу жұмыстарынан бөлек, оқушылар экология тақырыбында қойылым қояды. Олардың қоршаған ортаға деген қамқорлығын осыдан-ақ аңғаруға болады. Экомәдениеттің қалыптасып келе жатқанын өз көзімізбен көріп жүрміз. Атап өтерлігі, балалар «Қызыл» кітапқа енген өсімдік, жануар түрлері туралы қызықты деректерді іздеп, кітапшалар жасауға да өте құмар», – деді Оқушылар сарайының бөлім меңгерушісі Динара Махмұдова. 

Оқушылар сарайының тәлім алушылары республикалық «Жас эколог» форумына да жиі қатысады. Онда елдің әр өңірінен келген қатысушылар тың жобаларын көрсетеді. Сайыстың 5 бағыты бар. Онда киім-кешекті қайта өңдеу тақырыбы қозғалады. Сондай-ақ экоблогерлер тартысы өтеді, салаға қатысты үздік фильм түсіргендер анықталады. Бастысы бастамаларға жастардың белсенді түрде атсалысып, экология мәселесін кейінге қалдырмай жүргені қуантады. Себебі мұндай әрекет оқушылардың бойында жауапкершіліктің арта түскенін дәлелдейді.

Рүстем Айткәрім, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Алматының урбанистік жобалары халықаралық сыйлыққа ие болды

 

 

 

 

Новости партнеров