14 қазаннан бастап фильм күнде 17:40-та эфирде көрсетіледі
Almaty.TV келесі аптадан бастап көрермен назарына жаңа "Ақбесік" телехикаясын ұсынады.
Телехикаяның басты кейіпкерлері – Әлжаппар және Қанағат есімді ақсақалдар. Екеуі де ауылдағы ірі қожалықтарға иелік етеді. Алайда көпжылдық достыққа 4 гектар жер үшін сызат түседі. Канағат қарияның әйелі қарттарды татуластыруға тырысқанымен, нәтиже болмайды. Сондықтан шиеленіскен мәселені шешуге екі отбасының балалары мен туыстары кіріседі.
"Қандай жұмыс болса да, оңай емес. Бұл – ұжымның, режиссер, продюсерден бастап, шай беретін қыз-жігіттердің еңбегі. Тарихын айтып берсем, қызық болмай қалады, көрермен бағасын береді", – деді театр және кино актрисасы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Лидия Кәденова.
Түрлі оқиғамен өрбитін телехикая 12 бөлімнен тұрады. Басты кейіпкерлердің рөлін театр және кино актерлері Сағызбай Қарабалин мен Иісбек Әбілмәжінов сомдайды. Шығармашылық құрамда жас буын өкілдері де бар.
"Режиссер, продюсерлер сенім артып отыр, жерге қаратпауға тырысамыз. Кастинг оңай болмады. Режиссер, продюсер, кастинг директоры, телеарна мақұлдауы керек дегендей, қатаң талап қойылды", – деді актер Жандос Сейдалин
Телехикаяның басы-қасында жүргендер ұрпақтар сабақтастығын сақтауды жөн көргенін айтты. Аға буын жастарға үлгі-өнеге көрсетсе деген ниет болған.
"Бізде үлкен аталар және жас жігіттер бар. Сондықтан жастар мен үлкен буынның арасындағы қарым-қатынас, байланыс орнайды. Актерлерді өте мұқият таңдадық. Жаңа есімдердің шығаруға тырыстық", – деді режиссер Шарипа Оразбаева.
Айта кетейік, телехикаяның түсірілімі жазда өтті. 14 қазаннан бастап жаңа туынды күн сайын 17:40-та көпшілік назарына ұсынылмақ.
Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов
Оқи отырыңыз: Асыл қазынам: Алматыда 700-ге жуық қария фестивальге қатысты