Шабыт пен жаңа оқиғалар қаласы: Almaty TV жаңа телемаусымын ұсынады
Almaty TV соңғы жылдардағы ең мазмұнды әрі қызықты жаңа телевизиялық маусымның басталғанын жариялайды. Көрерменді өзі ұнататын бағдарламалармен қатар, жарқын жаңа жобалар мен отандық сериалдардың премьерасы күтіп тұр.
Таңғы эфирдің басты жобаларының бірі – 5 телевизиялық маусым бойы көрерменге күнде жақсы көңіл-күй мен сергектік сыйлап келе жатқан «Таңғы studio» шоуы.
Алматы – музей экспозициялары мен мұрағат құжаттарынан ғана емес, өткен дәуірлердің атмосферасын көшелерден, көне ғимараттар мен тұрғын үйлерден де көріп, сезінуге болатын тарихи бай қала. «Алматинские истории» бағдарламасының жүргізушісі Ноэль Шаяхметов қаланың өткен күніне заманауи көзқараспен қарауды және Алматының тарихын оның дамуымен тығыз байланысты жандардың тағдыры арқылы білуді ұсынады.
Осы күзде көрерменді «Архитектор» және «Әділдік алаңы» бағдарламаларының жаңа шығарылымдары күтеді.
Кешкі эфирде көрермен назарына жаңартылған «Кешкі Алматы» шоуы мен «DODA» музыкалық-танымдық жобасы ұсынылады.
Жаңа маусымда арнаның төл сериалдарына ерекше көңіл бөлініп отыр.
Атап айтқанда, «Көршілер» әлеуметтік драмасы мүмкіндігі шектеулі қыз бен ананың тағдырынан сыр шертсе, «Балам» сериалы жастарды тәрбиелеу және ұрпақтар сабақтастығы мәселелерін көтереді, «Ерікті» жобасы волонтерлік қозғалыс пен экология мәселелеріне арналған, «Түнгі қала» ғылыми-драмалық сериалы көрермендерді жасанды интеллект, робототехника және биотехнология саласында еңбек етіп жүрген жас ғалымдармен таныстырады, ал «Жолаушы» сериалы Алматы мен Қазақстанның туристік әлеуетін ашады. Сондай-ақ жаңа маусымның ең көп күткен премьераларының бірі – ата-ананы сыйлау, отбасылық бірлікті сақтау, ұрпақтар сабақтастығы және туған шаңырақтың маңызын дәріптейтін «Ақ келін» ситкомы.
Жаңа маусымда телеканал түсірген «Алматы құпиялары: Айлин мен Барыс» атты анимациялық жобасын ұсынады. Мультсериалда жалпыұлттық құндылықтар мен Мемлекет басшысының елде жүзеге асырылып жатқан қоғамдық маңызды бастамаларын насихаттауға ерекше назар аударылады. Сюжеттерде «Таза Қазақстан», «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Амандасу» және «Жеңімпаз халық» тұжырымдамалары мен мемлекеттік наративтердің мәні, сондай-ақ қоғамдық жауапкершілік, салауатты өмір салты, экологиялық сана және жасампаз еңбек тақырыптары үйлесімді көрініс тапқан.
Жаңа маусымда арнадағы «Жаңалықтар» бағдарламасы да жаңартылған форматын ұсынады. Көрермендерге ақпаратты берудің заманауи форматын ұсынып, Алматы мен Қазақстандағы ең өзекті оқиғаларды тез жеткізбек.
Жаңалықтар тобы қоғамдық маңызды бастамаларға, қаланы дамыту мәселелеріне, әлеуметтік салаға, экономикаға, мәдениет пен спортқа айрықша назар аударады. Жаңалықтар ақпараттың объективтілігі мен шынайылығының жоғары стандартын сақтай отырып, анағұрлым серпінді әрі заманауи форматта шығады.
Мысалы, Мемлекет басшысының «Жеңімпаз халық» бастамасы аясында жас қазақстандықтардың табыс тарихына, ел тұрғындарының жетістігіне, жасампаз еңбек, азаматтық жауапкершілік және қоғамды дамытуға қосқан жеке үлесі мен үлгісіне арналған арнайы айдар дайындалады.
Almaty TV-дің жаңа маусымы – игі істерге шабыттандыратын, ғылымды, туризмді, экологияны және отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, сондай-ақ көрермендерді Алматы мен бүкіл Қазақстанның өмірімен таныстыруды жалғастыратын заманауи кейіпкерлер туралы тың оқиғалар легі.