Сахна жұлдызы, сәнбике, тарихтағы тағдыр: «Алматинские истории» жобасы 190-шығарылымын ұсынады

28.09.2025 14:38

Almaty TV эфирінен әр сенбі сайын көрсетілетін бағдарлама кезектң санында Әспет Хаймулдина жайлы сөз қозғайды

Алматы - ғасырлық тарихы бар ғимараттарымен ерекшеленетін қала. Шаһарда ХХ ғасырдың басында салынған тас үй, 1908 жылы ашылған Ықылас Дүкенұлы атындағы халық аспаптар музейі сынды ерекше нысандар орналасқан. Одан бөлек, бұл қала талай тарихи шешім қабылданған, түрлі тағдыр иелері дүниеге келген киелі мекен. Ал «Алматы» телеарнасының эфирінен әр сенбі сайын көрсетілетін «Алматинские истории» бағдарламасы көп жылдан бері осындай маңызға ие жайттарды назардан тыс қалдырмай келеді. Ертең көптің назарына жобаның 190-шығарылымы ұсынылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

190 шығарылым, 190 түрлі тақырып, 190 түрлі тағдыр. Алматы телеарнасының төл туындысы «Алматинские истории» бағдарламасының арнайы шығарылымы бұл жолы қазақтан шыққан сәнбикелердің бірі Әспет Хаймулдина жайлы сөз қозғайды. Ол бір кездері сахнада жасындай жарқырап, сән басылымдарының басты кейіпкеріне айналған еді. Тіпті, «Медеу» мұз айдынының ашылу салтанатында да өнер көрсеткен. Қызығы, жас қыздың көзіндегі жалынды көршісі байқап, қанаттандырыпты.

Ал талант иесінің өзімен сұхбат құрып, әңгімесін тыңдап, әсерленіп қайтқан бағдарлама жүргізушісі Ноель Шаяхметов тарихи деректер мен оқиғаларды көпке танытудың маңызды екенін айтады.

«Мұндай мүмкіндік кез келген адамға беріле бермейді. Еліне еңбегі сіңген азаматтар жайлы айту, оларды халыққа көрсету – мен үшін үлкен бақыт. Бағдарламада түрлі тақырып қозғалады. Ал сұхбат берген жандардың көпшілігімен өзім жеке таныспын. Біз тарихты ұмытпауымыз керек. Есте ұстап, кімнің алдында борыштар екенімізді біліп жүргеніміз абзал. Және қолда барды бағалап, сақтап, қадірлеу өте маңызды», - дейді «Алматинские истории» бағдарламасының жүргізушісі Ноэль Шаяхметов. 

Қызығы, тарихы талай жылдан бері жалғасып, талай үздік маман тізгінін ұстаған бұл бағдарлама форматы да жылдар бойы өзгеріп тұрды. Бүгінде бір шығарылым эфирде кем дегенде 25 минут көрсетіледі. Әр маусым сайын 20-ға жуық тақырып қозғалады. Маңызды деректер талданып, қажетті құжаттар іздестіріледі. Сүбелі сұхбат құрылып, салмақты пайым айтылады. Мұрағатта шаң басқан парақтар қайта ашылып, өткеннің сыры бүгінмен үндеседі.  

«Бұл – біздің арнаға өте маңызды, өте қажетті жоба. Өйткені, «Алматинские истории» бағдарламасында тек белгілі жазушылар, архитекторлар, әртістер туралы айтылып қоймай, олардың жанұяларын, көз көрген адамдарын сөзге тартып, тұлғаның жеке болмысы мен адами көзқарасын ашып көрсететін жоба», - деді «Almaty TV» телеарнасының бас продюсері Ралида Мұқанова.

Өз көрерменін тауып, ыстық ықыласына бөленген «Алматинские истории» бағдарламасының 190-шығарылымы ертең сағат 11:00-де көрсетіледі.   

Рүстем Айткәрім, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда ХIII халықаралық Бибігүл Төлегенова атындағы вокалистер байқауы басталды