Жаңа маусым: Almaty TV көрермендерін ауқымды премьералармен қуантпақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ширек ғасырдан астам тарихы бар Аlmaty.TV-де  жаңа маусым! Әуелі өңірлік боп құрылып, республикалық деңгейге жеткен арна бүгінде міндетті телеарналардың тізімінде. Ал бүгінде көрерменнің сүйікті арнасына айналып үлгерген «Алматы» телеарнасының эфирінде тың жобалар көрерменге жол тартпақ.

Көзі қарақты көрерменді қуанту үшін арна ұжымы жыл сайын 2 мәрте жаңа маусым ұсынады. Көпшілік оң бағасын берген бірнеше бағдарлама жалғасын тапса, жаңа телесериалдар мен тың жобалар көгілдір экранға жол тартады. Мәселен шаһар тарихына бүгінгі көзқараспен үңіліп, Алматының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан жандардың тағдыры арқылы қаланың өткенін таныстыратын «Алматинские истории» жобасы, 5 жылдан бері күн сайын көрерменге көтеріңкі көңіл күй мен сергектік сыйлап келе жатқан «Таңғы studio» эфирін жалғастырады.

Сондай-ақ көрерменді Алматының сәулеттік келбетін көрсетіп, сала мамандарының өлшеусіз еңбегін насихаттайтын «Архитектор» жобасы мен түрлі әлеуметтік тақырыпты қозғайтын «Әділдік алаңы» бағдарламасы жаңа шығарылымдары күтеді.

Көңіл сергітер «Кешкі Алматы» бағдарламасы мен талантты отандық әртістердің басын бір сахнада тоғыстыратын ерекше тележоба «Доданың» жаңа маусымы көпшіліктің сұранысымен көгілдір экраннан көрсетіледі.

«Алматы» телеарнасына рақмет, әншілердің басын қосып жатыр. Бағдарлама әншілерге ұнап жатыр. Танымдық бағдарламада авторларды танып, қай жылы жазылған ән, кім жазған, қандай композитор – бәрін түсіндіріп айтып жатырмыз», – деді бағдарлама жүргізушісі Нұрлан Еспанов.

«Алматы» арнасының ұжымы жаңа маусымда төл телесериалдарға айрықша мән беріп отыр. Онда жастар тәрбиесі, волонтерлік қозғалыс пен экология, жас ғалымдардың өмірі баяндалатын туындылар бар. Мәселен әлеуметтік драма жанрындағы «Көршілер» сериалында ерекше қажеттілігі бар ана мен қыздың өмірі көрсетіледі.

«Телекихаядағы Динаның мүгедек қызымен өмір сүру тәсілдері, екеуінің ғана басынан кешкен қиындықтары емес, қоғамдағы қозғалатын дүниелер айтылады», – деді актриса Ажарлым Мағзұм.

Жаңа маусымдағы көпшілік күткен премьералардың бірі – «Ақ келін» ситкомы. Жобада ата-анаға құрмет, отбасы бірлігін сақтау, ұрпақтар сабақтастығы және қара шаңырақтың қадірі секілді тақырыптар көтеріледі.

Жаңа маусымда «Жаңалықтар» қызметі де жаңартылған форматта ұсынылады. Көрерменге ақпаратты жеткізудің заманауи тәсілі мен елдегі ең өзекті оқиғаларды жедел әрі жан-жақты баяндауға басымдық беріледі. Бұл ретте ақпараттың объективтілігі мен шынайылығына қойылатын талаптар сақталады. Мәселен, Мемлекет басшысының «Жеңімпаз ұлт» бастамасы аясында ақпараттық шығарылымдарда бүгіннен бастап арнайы айдар көрерменге жол тартты.

«Алматы» телеарнасы өз көрерменін тың жобалармен, қоғамның тыныс-тіршілігін боямасыз баяндайтын бағдарламалармен, мәдени һәм ойын-сауық жобалармен қуантуға қашан да әзір.

Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек

Оқи отырыңыз: Қала күніне орай: Almaty TV жасанды интеллект көмегімен Алматы туралы өз мультсериалын ұсынады