Медеу ауданында 3986 оқушы орны жетіспейді. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Досаевтың айтуынша, орын тапшылығын төмендету мақсатында қазіргі уақытта №48 мектеп-лицейінде күрделі жөндеу жүріп жатыр. Ол аяқталғаннан кейін 210 жаңа оқушы орны ашылады. Жұмыстар ағымдағы жылдың 30 қарашасына дейін аяқталады.
"№131 мектеп-лицейінің аумағында сейсмикалық күшейтумен қоса күрделі жөндеу жүріп жатыр. Бұл жұмыстарды 2023 жылдың III тоқсанында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, №131, №35 және №99 мектептер бойынша 2023 жылдың II тоқсанында 800 жаңа орынға арналған үш қосымша құрылыс салуға жобалау-сметалық құжаттаманы(ЖСҚ) әзірлеу аяқталады", - деп мәлімдеді қала әкімі.
Оның мәлімдеуінше, оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселесі Думан ықшамауданында да шешілетін болады, онда 1200 орындық жаңа мектеп салынады. Құрылыс жұмыстарын бастау 2023 жылдың ІІ тоқсанына жоспарланған.