2022 жылдың желтоқсан айына дейін алматылық құрылысшылар Түрксіб ауданындағы екі мектептің құрылысын аяқтайды. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындармен кездесуі барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шаһар жетекшісінің айтуынша, бүгінгі таңда Алматының Түрксіб ауданында мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығы жиынтықта 4,2 мың орынды құрайды (1,5 мың - мектеп, 2,7 мың – мектепке дейінгі ұйымдар). Орын тапшылығын азайту мақсатында білім беру ұйымдарын салу және жөндеу жобалары іске асырылып жатыр.
«2022 жылдың желтоқсан айында Қайрат шағынауданындағы 1500 орындық мектеп пен Волочаевская көшесіндегі 300 орындық жеке меншік мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл қазіргі орын тапшылығын толығымен шешеді. Осы жылдың 3-тоқсанында № 59 мектеп-гимназияның жаңа ғимаратын салу басталады. 1939 жылы салынған ескі ғимарат бұзылады. Жылдың соңына дейін Жас Қанат шағынауданында 280 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстары қайта басталады», - деді қала әкімі.
Ерболат Досаевтың айтуынша, 2023 жылы Қайрат шағынауданындағы 260 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстары аяқталады.