Ұлттық тестілеу орталығы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің мектеп түлектеріне хабарландыру жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы тасқыннан зардап шеккен аймақтар — Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары.
Мұндағы талапкерлер үшін маңызды ақпарат бар.
- Егер негізгі ҰБТ-дан төмен балл жинасаңыз, қаңтар немесе наурыз айларындағы ҰБТ-ның жоғары нәтижесімен грант конкурсына қатысу мүмкіндігіңіз бар. Осылайша қалауыңыз бойынша ең үздік ҰБТ нәтижесімен грант конкурсына қатыса аласыз,- деп ескертеді орталықтан.
2024 жылы жалпы грант санының 20 пайызы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің талапкерлеріне бөлінген.
Естеріңізге сала кетсек, бұл аймақтың талапкерлері грант конкурсына құжатты 13-24 шілде аралығында тапсыра алады.
Еске сала кетейік, биылғы талапкерлердің 77 пайызы негізгі ҰБТ-ны тапсырып үлгерді.
Науқан басталғаннан бері 315 мың рет тест тапсырылған. Оның ішінде талапкерлердің 77% — қазақ тілінде, 23% — орыс тілінде, 200-ден астам адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Орташа балл — 70. Ең жоғары балл — 140. Оны ҰБТ алтыншы аптасында Алматы облысының түлегі Жаннұр Еңсебек алды.
Осылайша тестілеуден ең жоғары ұпайды ауыл мектебінің түлектері жинаған.
Оқи отырыңыз: Қытайда білім алғысы келетін қазақ жастары үшін үкіметтік грант саны артуы мүмкін