|
09.08.2022 | 11:41
725

2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақысы екі есе өседі

Гранттар саны да 2022 жылы 65 мыңнан 88 мыңға дейін ұлғайтылған

2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақысы екі есе өседі kyzylorda-news.kz

Үкімет отырсында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерге арналған шәкіртақы өсетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Қазақстандық студенттердің стипендиясы 2025 жылға дейін 2 есеге артады. Магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 1,5 есеге өседі. Бірақ стипендия қанша көтерілгенімен түлектердің 100 пайызы оқу бітірген соң мамандық бойынша жұмысқа орналаса алмайды екен.

Онлайн өткен Үкімет отырысында алдымен оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов сөз алды. Ведомствосы екіге бөлініп, арқасынан біраз жүк түскен министр әуелгі әңгімесін балабақшадан бастады. Аймағамбетовтің айтуынша, былтыр елде 534 мектепке дейінгі мекеме ашылған. 47 мың бөбекке жаңа орын пайда болғанымен, 6 облыс бұл істе артта қалып келеді. Әсіресе Түркістан және Қызылорда облыстары. Бұл өңірлерде былтыр 1 мыңға жуық орын пайдалануға берілген. Министрдің айтуынша, биыл жыл соңына дейін 34 мың балаға арналған 322 бөбекжай ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ескірген мектептердің де жай-күйі айтылды. Қабырғасы сөгіліп, керегесі құлағалы тұрған 50 жылдан асқан білім ордаларына аудит жүргізу керектігін жеткізді

«Биыл 214 мың орындық 225 мектеп салу жоспарланды. Оның ішінде қазіргі уақытта 22 мың орын, 49 мектеп пайдалануға берілді. Әр өңір, ауыл мен қала бойынша нақты көрсеткіштер бекітілген. Әкімдіктер мектептерді іске қосу мерзімін уақытында орындауын сұраймын», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Саясат Нұрбек ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалғанына екі ай болмастан саладағы атқарылған тірліктерді жіпке тізді. Алдымен, қуанышты жаңалықтан бастап 2025 жылға дейін студенттердің стипендиясы 2 есе өседі, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 1,5 есеге көтеріледі. Бірақ, стипендия көтерілген сайын оқуға құлықты студенттердің саны аз екен.

«Қарасаңыздар бізде бакалавриат 92 пайыз, магистратура 5,8 пайыз, докторантура бір пайызға да жетпейді,  0,94 пайыз екен.  Ал дамыған елдерде бұл құрылым басқаша. Бакалавриат 45-50 пайыздың деңгейінде. Магистратура 10 пайыздан астам. Ал докторантура 5-10 пайыз», – деді  ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек

Министрдің айтуынша, мектептен кейін университетке түскен студенттердің 69 пайызға жуығы оқу бітірген соң жұмысқа орналасады. Бұл – былтырғы жылдың көрсеткіші. Үкімет отырысының соңында Әлихан Смайылов Асхат Аймағамбетовке 1-қарашаға дейін балабақшаларды лицензиялау мәселелерін пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ балаларды қосымша біліммен қамтамасыз етуге пәрмен берді.  

Өмір Серікбекұлы,  Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир