Туристік саланың жағдайы да мәз емес
Каникул аяқталған соң қажет болған жағдайда оқушыларды қашықтықтан оқыту үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министрдің мәліметінше, бұл алдағы уақыттағы жағдайға байланысты болмақ.
«Бұл тұрғыда арнайы біз топ құрған болатынбыз. Бұл топ бір жарым ай бойы жұмысын атқарып жатыр. Егер осы 5 сәуірден кейін осындай жағдай болса, біз қашықтықтан оқыту жүйесіне көшуге дайынбыз. Қазіргі уақытта осы жүйені контентпен қамтамасыз ету, оны толтыру, педагогтарды оқыту, сервистерді тестілеу және басқа да жұмыстарды жүргізіп, оны 5 сәуірге дейін аяқтап, қажет болған жағдайда осы жаңа форматпен жұмыс істеуге дайын боламыз», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.
Бұдан бөлек, министр үйіне қайта алмай қалған жатақханалардағы студенттердің жағдайына қатысты пікір білдірді. Айтуынша, студенттердің қалуына барлық мүмкіндік жасалған. Бүгінде елімізде 90 мыңға жуық студент жатақханада тұрса, 20 мыңнан астамы әлі де cтуденттер үйінде. Онда режим сақтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Ал мәдениет және спорт министрінің орынбасары Өркен Бисақаев аталған саладағы шектеулерді түсіндірді. Мәселен, гастрольдік қызметтер толық тоқтатылды. Форумдар, семинарлар, конференциялар өтпейді. Мұражайларға бару, оның ішінде тарихи-мәдени жерлерге экскурсиялар болмайды. Барлық спорт шаралары да ұйымдастырылмайды. Олимпиада ойындарына қатысу үшін лицензиялар алу мәселелері кейінге қалдырылды. Шетелде оқу-жаттығуда жүрген спортшылар елге қайтарылуда. Туристік саланың жағдайы да мәз емес.
«Тур операторлар Қазақстан азаматтарының шетелге шығуына шектеуге байланысты шығындарды көтеруде. Біздің есебіміз бойынша төтенше жағдай кезінде жалпы сомасы 2,7 миллиард теңгені құрайтын 5526 адам сапарлардан бас тартуы тиіс. Қазіргі уақытта жолдамамен демалуда шетелде 4556 адам бар. Олардың негізгі бөлігі Египетте, 2246 адам, Біріккен Араб Әмірліктерінде 573 адам, Тайландта 466 адам, Үндістанда 2016 адам, Мальдивте 2044 адам. Қазір біздің туристерді елге қайтару бойынша шаралар қабылдануда», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Өркен БИСАҚАЕВ.