Алматы қаласының Білім басқармасы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектептер мен оқу орындары бүгін жұмысын тоқтатты.
Ал балабақшадағы бүлдіршіндерді ата-аналары қалауы бойынша алып кете алады. Алматы полициясы да күшейтілген режимге көшті. Қоғамдық тәртіпті 2 мыңнан астам адам қамтамасыз етуде. Шошынған халық бұл жолы сілкіністің қуатты болғанын растап отыр. Басым бөлігі абыр-сабырға берілмей, ережелерді сақтаған.
– Астымыздан біреу тарс етіп, ұрғандай болды. Үлгеріп, бәрін алдық та, далаға шығып, киініп алдым. Қашып шықтық, – деді қала тұрғыны Нұрғали Сатымбеков.
– Дабыл чемоданына бүкіл документі, керекті заттарды жинап қойғанбыз. Соларды алып бәріміз сыртқа шықтық, – деді қала тұрғыны Әмірхан Даниал.
– Менің жүрегім дүрсілдеп, басым айналып кетті. Алдында ондай болған жоқ, – деді қала тұрғыны Кәкен Бексүгірова.
Қалада қылмыстың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Алматы полициясы жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Қазір Алматы халықаралық әуежайы да қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Әуежайда ұшу жолағы мен перрондардың зақымданбағаны хабарланды.
Оқи отырыңыз: Алматы метрополитені үш сағат көлемінде қайта іске қосылады