ҰБТ-2020: Алғашқы күні 164 адам тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды

22.06.2020 23:17

22 маусымда 6 512 адам тестілеуден өтуді жоспарлаған. 144 талапкер ҰБТ-ға келмеді

Аlmaty.tv

Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші күнінде тест тапсыру ережесін бұзған 164 адам жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігінен айырылды. Мұндай мәліметті орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, биылғы жылдың жаңашылдықтарының бірі – ғимаратқа кіргізу барысында тыйым салынған заттар табылған жағдайда үміткердің тестілеуге жіберілмеуі болды.

«Осы қағиданы ұстана отырып, 21 маусым күні республика бойынша 73 тестіленуші ҰБТ-ға жіберілмеді. Сонымен қатар 91 тест тапсырушы ҰБТ ережелерін бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды. Тәртіп бұзған тестіленушінің жалпы саны 164 болды. Олардың нәтижелері жойылып, осы жылы тестілеуге қатысу мүмкіндігінен айырылып отыр. Ал өткен жылы барлық тестілеу мерзімінде 24 тәртіп бұзу болған еді», – деді ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова.

Тест тапсыру құқығынан айырылған түлектермен психологтар жұмыс істейді. Ал ҰБТ-ның соңғы нәтижелері тамыз айында болады. Өйткені биыл енгізілген нормаға сай 25 тамызға дейін барлық тестілеу барысындағы бейнежазбаларға арнайы бағдарламаның көмегімен талдау жүргізіледі. Егер тестілеу барысында тиым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тест нәтижесі жойылады. Тіпті, ұтқан жағдайда мемлекеттік білім беру грантынан айырылуыда мүмкін. Ал,  тестілеудің алғашқы күні екі түлек жоғары дене қызуы үшін сынақтан шеттетілді.

«Дене қызуы үшін тестілеуден шеттетілген түлектер үшін бөлек сынақ күні белгіленеді. Егер олар коронавирусқа шалдыққан науқастармен байланыста болса, індетке тест тапсырып, оның жоқтығын растайтын анықтама алуы керек», – деді ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова.