Биыл 86 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді
ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов балаларды үйірмемен қамту жұмыстары қалай жүретінін түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
- Artsport бағдарламасы жоқ, спорт және мәдени үйірмелерді қаржыландыру бойынша мемлекеттік бағдарлама бар. Өткен жылы осы бағдарламаны орындаушы «Artsport» ақпараттық жүйесін іске қосқан еді. Енді жаңа қағидалар мен жаңа стандарт орнатылды. Өткен жылғы кемшіліктерді ескере отырып, биыл 86 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, - деді министр Үкімет кулуарында.
Оның айтуынша, үйірмелерге 560 мың баланы қамту жоспарланған. Әкімшілендіру, қаражат бөлу жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер жүргізеді. Конкурстарды спорт және мәдениет басқармалары жүргізеді.
- Қазір түрлі өңірде түрлі ақпараттық жүйелер бар. Бірақ біз жүйелі шараларды қолға алдық, ашықтық болуы үшін барлық базаларды біріктіреміз. Басты міндет – барлық шешімдер балалар пайдасына, ашықтық мақсатында қабыланады. Бұл өте маңызды. Қандай да бір компания лоббиіне жол берілмейді. Ең бастысы – балаларға үйірмелерді қолжетімді ету, - деді Асхат Оралов.
Дереккөз: ҚазАқпарат.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында мұғалімдер жалған құжат арқылы 100 млн теңгені заңсыз алған