ҰБТ-2020-ның алғашқы күні ең жоғары балды Түркістан облысы Ордабасы ауданынан Абзал Әбдіманап жинады. Теспе орта мектебінің түлегі 140 балдың 138-ін алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Мектепті жақсы үлгеріммен бітірген Абзал ҰБТ-да биология және химия пәндерін таңдаған. Енді медицина факультетіне оқуға түсуді жоспарлап отыр.
«Мен ҰБТ-ны 21 маусым күні тапсырдым. Тестілеу сұрақтары маған оңай болды, өзім оқыған, жақсы білетін тақырыптар келді. Тест тапсыру кезінде байқаушылар бәрін қарап жүрді, жоғары баллды өзімнің таза біліміммен алып шықтым», – деді Абзал Әбдіманап.
Өзіне сенімді түлек болашақта тіс дәрігері болуды қалайды. Талапкер қатарластарына да тек өз біліміне сенуге кеңес беріп, сәттілік тіледі.
«Енді өзімнің жүрек қалауыммен медицина саласына түскім келеді. Болашақта ағаларым сияқты тіс дәрігері болсам деймін. Өзімнен кейін тапсыратын талапкерлерге шпаргалка сынды тыйым салынған заттарды алып кірмеуге кеңес беремін. Өйткені, оны алып кіре алмайсыздар, камерадан бәрі көрінеді, байқаушылар да қарап тұрады. Қатарластарыма айтарым, тек өздеріңізге сеніңіздер, сіздерге сәттілік тілеймін», - деді түлек.
Абзал бос уақытында кітап оқығанды, спортпен айналысқанды ұнатады. Түлек ҰБТ-да 120-дан астам балл жинауды алдына мақсат қойған екен.
«Мен алдыма мақсат қойып, қашанда соған жетуге талпынамын. ҰБТ-ға дайындалып жүргенде 120 балл аламын деп ойладым. Қазір 138 алғаныма өте қуаныштымын», – деді Абзал.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 21 маусым мен 5 шілде аралығында еліміздің барлық өңірінде Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді.