Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жұмыс сапарымен Алматы облысын аралап, мұғалімдердің Тамыз конференциясына қатысты. Сондай-ақ, министр бірінші қыркүйек қарсаңында құлайын деп тұрған мектепті аралаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы министр өзінің Facebook парақшасында бөлісті.
"Азаматтарды қабылдаудан кейін ауыл және қала мектептерін араладым. Қонаев атындағы орта мектептің оқу кабинеттерін, асханасы мен кітапханасын, спорт залын аралап көрдім. Химия, қазақ тілі және басқа да пәндер мұғалімдерімен әңгімелестім. Талғар ауданы Дәулет ауылындағы №11 орта мектептің жағдайы алаңдатады. Онда 624 оқушы оқиды. Қабырғалардың, төбелердің және жалпы ғимараттың жағдайына байланысты ата-аналардың да, мұғалімдердің де қорқынышы мен уайымын түсінемін.Балалар мен мұғалімдердің қауіпсіздігі бірінші орында, шұғыл шаралар қабылдау тапсырылды.Дегенмен оқу жылы басталмай тұрып, алдымен ғимаратты апатты жағдайға сараптамадан өткізу қажет. Ғимаратта мұғалімдер мен оқушылардың болуы үшін оның қауіпсіздігі туралы нақты деректер қажет", – деп жазды министр.