Жайлы мектеп: Алматыда 22 білім ошағы салынып жатыр

03.06.2024 19:11

2025 жылға қарай 36 800 оқушыға арналған жаңа білім ордаларына соңғы заманауи техникалар орнатылады

Almaty.tv

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Алматыда 2025 жылға қарай 22 мектеп пайдалануға беріледі. 36 800 оқушыға арналған жаңа білім ордаларына соңғы заманауи техникалар орнатылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алпыс жылдық тарихы бар №97 жалпы білім беретін мектептің ғимараты 2021 жылы апатты деп танылған. Қабырғалары сөгітіліп, құбырлары жарылып тозығы жеткен білім ордасы 2023 жылдың қазанынан бастап, қайта жөндеуге жабылған. Қазір оның орнына оқушылардың уайымсыз, екі ауысымда еркін білім алуы үшін «Жайлы мектеп» салынып жатыр. Нысанның жалпы аумағы 1,4-тен 2,4 гектарға кеңейтілген. Мектеп 2024 жылы шілдеде қолданысқа берілмек.  

– Біздің жаңа мектепте 1 ауысымда 600 бала оқиды. Жөндеу жұмыстары басталғалы олар 2 мектепте оқытыды. Қазір оқушылар демалыста, – деді №97 жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлнар Баймұратова.

Мектепте ерекше балалардың еркін қозғалысы үшін арнайы пандустар мен жеделсаты салынып жатыр. Сондай-ақ инклюзивті білім беру бөлмелері де дайындалады. Ғимарат 3 қабатқа шақталған.

– «Жайлы мектептердің» аумағы жай білім ордалалырмен салыстырғанда 15-20 пайыз үлкен, 4 есе техникамен қамтамасыз етілген. Әр мектептегі бала санына қарай бірнеше спортзал салынады. Оқушылардың жеке шкафы болады. Даярлық, бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары жеке секторда білім алады, – деді құрылыс компаниясының өңір басшысы Берік Қожатай.

Бұдан бөлек шаһарда 21 жайлы білім ошағы салынады. Алматы қаласы Білім басқармасының мәліметінше, ұлттық жоба мегаполис мектептеріндегі 30 мың орын тапшылығын жояды. Ал білім ордаларының құрылысы 2025 жылға дейін толықтай аяқталады.  

– Алмалы, Әуезов, Жетісу және Медеу аудандарында бір мектептен салынады. Әр мектепте 1500, 2000 оқушы оқиды. Ал Алатау ауданында – 6 мектеп, Наурызбай ауданында – 5 мектеп, содан кейін Бостандық ауданында – 3 мектеп құрылысы, Түркісіб ауданында – 4 мектеп құрылысы жоспарланған , – деді Білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бақытжан Үмітбекқызы.  

Еске салайық, Алматы облысында барлығы 53 «Жайлы мектеп» салынып жатыр. Ал жоба бойынша елімізде 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп пайдалануға беріледі.

Рүстем Айткәрім, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Балалар демалысы 2024: оқушылар жазда қайда барады