Алматыда қашықтан оқытуды ұйымдастыру мәселесіне көңілі толмаған ата-аналардан 50-ден аса өтініш түскен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Арызды тиісті департамент қарастырып, уақытылы түсіндірме жұмысын жүргізген. Бұл туралы бүгін онлайн өткен брифингте Алматы қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Ермекбаева мәлімдеді. Оқу жылын қорытындылаған ол биыл қалада 11-сыныпты 9299 оқушы аяқтайтынын айтты. Оның ішінде 545-і «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге тіркелу online өтті. Ал тестілеу 20 маусымнан 5 шілде аралағында өтеді. Тестілеуге қатысуға барлығы 14 972 өтініш түскен.
«Педагогтарға сапалы жұмыс үшін жағдай жасады. Техникалық құралдарды қажет ететін оқушылар қашықтан оқыту кезінде білім беру ұйымдарының қорынан қамтамасыз етілді, 2 328 ноутбук сатып алынды және жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен сақтауға берілді. Мектептер оқушылар мен мұғалімдерге 10 000-нан астам компьютер уақытша пайдалануға берілді. Ал 1 469 отбасыға демеушілерден қолдауымен компьютер сыйға берілді», – деді Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр ЕРМЕКБАЕВА.
2020 жылы кез келген адам Ұлттық бірыңғай тестілеу үдерісін Digital Agent қосымшасы арқылы көре алады. Сондай-ақ, Ұлттық біріңғай тестілеу өткізу ережелерін бұзу фактісін анықтағаннан кейін Digital Agent арқылы фото/бейне жазбаны тікелей жібере алады. ҰБТ-ның өткізілуін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингтік топтың мүшелері қадағалайтын болады.