Шымкенттік университеттердің бірі 63 талапты бұзған

открытые источники
открытые источники
Әкімшілік өндіріс материалдары осы жылдың 23 тамызында қаралады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

2019 жылғы 5-15 тамыз аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігі Шымкент қаласының аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде жоспардан тыс тексеру жүргізген болатын. Аталған оқу орнында жоғары оқу орындарының қызметіне қойылатын 78 талаптың 63-і сақталмағандығы анықталып отыр, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігі.

Жоспардан тыс тексеру барысында бірқатар бұзушылықтар анықталған. Атап айтсақ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік стандартының талаптары бұзылған;

жоғары оқу орындары қызметінің үлгілік ережелерінің талаптары сақталмаған;

жоғары оқу орындарының білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына сәйкессіздік фактілері анықталған.

Сондай-ақ, оқуға қабылдау тәртібін, білім алушыларды ауыстыру және қайта қабылдау тәртібін, академиялық демалыс беру тәртібін сақтамау фактілері әшкереленіп отыр.

«Сабаққа қатыспаған бірқатар студенттердің сынақ-емтихан сессиясына қатысу фактілері тағы бар. Бұл ретте, аталған студенттер университетке ақша төлей отырып, сессияға жіберілген. Ведомость қағаздарында студенттің бағасы көрсетілмеген, алайда оқытушының қолы қойылған бос бағандар бар. Тіпті басқа аймақтарда тұрып жатқан және басқа ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын адамдардың университеттің штаттық қызметкерлері болып қызмет етіп жүру фактілері анықталып отыр», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігіне университет түлектерін жұмысқа орналастыру деңгейі туралы жалған мәліметтер беріліп отырған. Мысалы, 2018 жылы жұмысқа орналасу деңгейі нақты 34,4 пайызды құрағанымен, университет тарапынан келген ресми есептерде 71,3 пайыз болып көрсетілген.

«Білім беру саласындағы заңнаманы бұзу фактілері бойынша министрлік университетке қатысты 3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады. Жоғары оқу орындары қызметінің үлгілік ережелерін бұзғаны үшін, мемлекеттік білім беру стандартын сақтамағаны үшін және лицензиялық талаптарға сәйкес келмегені үшін. Бүгінгі таңда білім беру саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды», - делінген хабарламада.

Ендігі кезекте әкімшілік өндіріс материалдары осы жылдың 23 тамызында қаралатын болады. ӘҚБтК-нің осы баптарының санкциялары әкімшілік айыппұл салуды, сондай-ақ, лицензияның қолданылуын 6 айға дейінгі мерзімге тоқтатуды көздейді.

Новости партнеров