Білім саласында жемқорлық фактілері көбейіп кетті. 2020-2024 жылдар аралығында елде 511 жағдай тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осылайша мемлекетке 12,5 миллиард теңге залал келген. Мұндай деректерді сенатор Айгүл Қапбарова айтып отыр. Депутаттың сөзінше, көбіне мектеп бухгалтерлері істі болып жатыр. Соңғы 3 жылда ел қазынасынан білім саласын дамытуға 12,1 триллион теңге бөлінген. Педагог мәртебесі туралы заң қабылданып, олардың жалақысы екі еседен артық өскенін де айта кету керек. Сенатор «аталған салаға осыншама қаражат бөлініп, мамандарға жағдай жасалғанымен, жемқорлық азаймай тұрғаны қынжылтады» дейді.
– Мектептердегі еңбекақы қорынан ақша ұрлау фактілері Оқу ағарту министрлігінің базасы мен мектептің бухгалтерлік есеп жүйесі және Қаржы министрлігінің қазынашылық ақпараттық жүйесінің арасында толық интеграцияның болмауынан анықталып отыр, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова.
Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында шаруа қожалық иесін сан соқтырған алаяқ ұсталды