Алматыда жатақханаға мұқтаж студенттерге арналған жедел штаб ашылды. Жұмыс тобы студенттер үйінен орын ала алмай қалған студенттер мәселесін шешуге көмектеспек. Штаб тәулігіне 100 адамға дейін қабылдай алады. Бұл туралы Үкімет жиынында Білім және ғылым министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биылғы оқу жылында 80 000-ға жуық студентке жатақхана жетпей қалған. Қажеттілік әсіресе Алматы қаласында көп байқалған. Оқуға келген 20 мың білімгер әлі орналаса алмаған. Мәселені шешу үшін министрлік жедел штаб жұмысын қолға алыпты. Ол Сәтпаев университетінің базасында орналасқан. Тұрғын-жайға мұқтаж кез келген студент хабарласа алады.
«Жаңа оқу жылының басынан жедел штаб жұмысын бастады. Қазір студенттердің көбі мұны біле бермейді. Оған жатақхана қажеттілігі бар кез келген студент немесе ата-анасы хабарласа алады. Орын табылғанға дейін 2 күнге Сәтбаев университетіндегі екінші жатаханада тұруға мүмкіндік бар. Кейін штаб өкілдері әр студенттің білім алатын оқу ордасына хабарласып, оларға жатақханадан орын берілуін қадағалайды. Әзірге осылай 17 студентті орналастырдық», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, биылдан бастап ЖОО-ға жаңа мамандық ашу үшін студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету міндеттеледі. Университеттерге жаңа лицензияны алу үшін шарт қойылады. Білім және ғылым министрі 2026 жылға дейін қазақстандық білімгердің 60-70 пайызында жатақхана тапшылығы болмайды деп сендірді. Саладағы тағы бір жаңалық осы жылдан бастап цифрлық әлеуметтік әмиян жобасы іске қосылмақ.
«Бір жақсы жері бұл жобаның ЖОО-ға ақша студентпен бірге барады. Біз тікелей ЖОО-ға ақша аудармаймыз. Студент өзі барғанда ғана шоттан ақша алып тұрады. Енді отбасылық цирфлық карта еңгізілетін болады келесі жылдан бастап. Цифрлық әмиян деген жоба еңгізіледі. Әр азамат, әр отбасы грант ақшасын сол арқылы алады», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек.
Биылдан бастап ІТ-мамандықтарды меңгергісі келетін талапкерлер ҰБТ-да информатика пәнінен білімін сынайды. Оны бейіндік пәнге енгізу көзделген. Бұл өз кезегінде салаға баланың қызығушылығын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«ІТ саласына барам деп үміттенген балалар болса, олар информатика пәнінен ҰБТ тапсыруды ұсындық. Келесі жылдан бастап қабылдап, тиісті шешім енгізген болатын», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Үкімет отырысында Премьер-Министр еліміздегі интернет сапасын сынға алды. Ол иендегі ауылдарды айтпағанда, қаланың өзінде байланыс көңіл қуантпайтынын атап өтті. Тұрғындардан түсіп жатқан шағымның көптігіне байланысты бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы