|
25.02.2020 | 15:06
4371

Петропавлдық оқушы азық-түлік сапасын анықтауға қабілетті биоиндикатор ойлап тапты

Нәби Ғали Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы

Петропавлдық оқушы азық-түлік сапасын анықтауға қабілетті биоиндикатор ойлап тапты

Петропавлда мектеп оқушысы тағамның сапасын анықтайтын индикатор ойлап тапты. Айтуынша, дәл осы тақырыпты зерттеуіне туысының бүлінген тағамды қолданып, сырқаттанып қалуы себеп болған. Қазақстанда мұндай биоиндикатордың баламасы жоқ екенін айтты жас өнертапқыш, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нәби Ғали Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Айтуынша, қазір дүкен сөрелеріндегі тағамдардың балғындығын анықтау қиын. Кезінде 78 жастағы әжесі білместікпен бұзылған сүтті қолданып, төсек тартып қалыпты. Ал бұл индикатор арқылы сүт пен еттің сапасын оп-оңай анықтауға болатынын айтты.

«Менің ойымша, бұл жоба ересек адамдар үшін немесе бүлдіршіндер үшін тиімді болып есептеледі. Себебі дүкен сөрелерінде қаптаманың сыртында жазылған сақтау мерзімі өте кішкентай шрифтімен жазылады.  Бұл сандарды көру үшін, мысалы, үлкен кісілер үшін оңайға соқпайды. Ал индикатор арқылы түс өзгерісін қарап, сүттің бүлінгенін немесе бүлінбегенін біз аңғара аламыз», – деді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Нәби ҒАЛИ.

Нәби ғылыми жобамен айналысу барысында интернет пен әдебиеттерден материал іздеп,  көп ізденгенін айтады. Яғни, биоиндикаторға қажет пигментті табуға біраз уақыт кеткен. Айлар бойы жүргізген тәжірибелер мен зерттеулерден кейін нәтижеге қол жеткіздім дейді. Тағамның құрамы бүлінген болса, көк түсті сұйықтық күлгін түске өзгереді екен.

«Бұл индикаторды жасау үшін антоциан деген пигмент керек. Яғни, осы индикаторды жасау үшін антоцианы бар көкеністер қажет. Содан көкеністің құрамындағы осы пигментті бөліп алу арқылы индикаторды жасауға болады. Жоғарыда айтып кеткендей, бұл индикаторды жасауға шамамен 20-30 минут кетеді», – деді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Нәби ҒАЛИ.

Оқушыға ғылыми жобамен айналысуға биология пәнінің мұғалімі жетекшілік еткен. Әлемде бұл биоиндикатордың баламасы болғанымен,  Қазақстанда әлі жоқ. Яғни, бұл алғашқы жоба.

«Нәби ғылыми жұмыспен айналысқым келеді, қандай да бір идеяңыз бар ма дегесін осы ұсынысты жасадым. Осындай идея бар, сен жассың, интернеттен іздеп көр дедім. Принципін түсіндірдім. Азық-түлік өнімдеріне қолдануға болатындай болсын,  қандай да бір қолданбалы жағы болсын дедім. Ғылыми жұмыс қазіргі кезде бұрынғыдай фундаментальді ғылымнан емес,  дәл қолданысқа келетін  жаңалық болуы керек дедім», – деді Назарбаев зияткерлік мектебі биология пәнінің мұғалімі Садат ДЕМЕУБАЕВ

Жас ғалымның айтуынша, биоиндикаторды қолдануға жарамды ету үшін оны ыңғайлы қаптамаға енгізу қажет. Дегенмен сұйықтықтың адам ағзасына зияны жоқ дейді. Алдағы мақсат жобаны толығымен аяқтап, ашқан жаңалығын патенттеп алу. Болашақта биоиндикаторды сүт өндіруші зауыттарға ұсынғысы келеді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир