Таразда мектеп оқушысы өрт сөндіруші робот құрастырды

Almaty.tv
Almaty.tv
Құлтемір әлі патенттелмеген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таразда 9 сынып оқушысы өрт сөндіруші робот құрастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бала күннен робототехникаға жақын Вячеслав Кузьмин қоғамға керекті бұйым жасағанына қуанады. Оның ойлап тапқан құлтемірі өрт кезінде отты сөндіріп ғана қоймай, қою түтін ішінен адамды іздеп таба алады екен.

«Роботтың ішінде 2 бак бар. Оны жағдайға қарай көпіршіктермен немесе сумен толтыруға болады. Сұйықтықты кем дегенде 5 метр қашықтыққа шаша алады. Роботтың ультрадыбыстық қондырғысы бар. Ол оттың ошағын табуға көмектеседі», – деді өнертапқыш Вячеслав Кузьмин.

Робот жасап шығару туралы ой мектеп оқушысына облыстағы апаттардан кейін келген. Оқушының тәлімгерінің айтуынша, басты мақсат – адамзат игілігіне қызмет ететін түрлі техниканы ойлап, құрастырып шығару.

«Халықаралық, облыстық жарыстарда орын алып жатырмыз. Менде 6 топ бар, 6 топта 15 баладан 90 оқушымыз білім жетілдіреді. Оқушылар талантты. Олар көптеген платформада жұмыс жасайды», – деді ұстаз Айнұр Сұраншиева.

Құлтемір әлі патенттелмеген. Бірақ балалар оған Робот-батыр деп ат қойыпты. Жас өнертапқыш өз еңбегін Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарына таныстырмақ. Жоба қолдау тапса, көптеген апаттың алдын алуға сеп болары сөзсіз.

Жомарт Есқара, Әсемжан Жүзбаева, «Алматы» телеарнасы, Тараз

Новости партнеров