БҚО-дағы тікұшақ апатынан қаза тапқандардың есімі белгілі болды

Almaty.tv
Almaty.tv
Бортта 5 экипаж мүшесі мен жолаушы болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

БҚО-дағы МИ-8 тікұшағы апатынан қаза тапқандардың есімі белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар – борт механик-нұсқаушы Сиязбек Андосов, жетекші инженер Жәрдем Досқалиев, ұшқыш-нұсқаушы Дәулетбай Қанатов пен екінші ұшқыш Владимир Афанасьев. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі құрбандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты. Балалары кәмелеттік жасқа толғанға дейін отбасына ай сайын шамамен жалақы көлеміндей жәрдемақы төленіп тұратынын жеткізді.

«Қаза тапқандардың отбасына жан-жақты көмек көрсететін болады. Жерлеу қызметіне жұмсалатын барлық шығын «Қазавиа құтқару» есебінен жүргізіледі. Ұшақ неге шұғыл қонды? Қандай жағдай болды? Осы және өзге сұрақтың жауабын комиссия анықтайтын болады. Қылмыстық іс қозғалды. Міндетті түрде барлығы анықталады», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.

Бортта 5 экипаж мүшесі мен жолаушы болған. Әуедегі сәтсіз сапардан зардап шеккен тағы 2 азамат Орал қалалық көпбейінді ауруханасының нейрохирургия бөлімінде жатыр. Екеуі де бас пен мидың жабық жарақатын алған. Оқыс оқиғадан соң елдегі МИ-8 тікұшағын пайдаланатын барлық компания қатаң тексерілмек. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі оларға жоспардан тыс инспекциялық тексеру жүргізеді. Заң бұзылған жағдайда қауіпсіздік талаптары қалпына келтірілгенше, олардың сертификаты мен куәлігі тоқтатылады.

Еске сала кетсек, БҚО-дағы тікұшақ апаты кеше түсен кейін сағат 16:00 шамасында болған. «Қазавиа құтқаруға» тиесілі МИ-8 тікұшағы «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының магистральды мұнай құбырлары желісін жоспарға сай көктен шолуға шыққан. Қайтар жолда Орал әуежайынан 54 шақырым жерде бар екпінімен қонады.


Новости партнеров