Биыл елімізде 154 мектеп ашылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қазақстандағы 772 колледжде 531 мың студент білім алуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл елімізде 132 мың орынға арналған 154 мектеп ашылды. Нәтижесінде апатты жағдайдағы және үш ауысымды білім беру ұйымдарының мәселесі шешілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дастан Тұрдалы – оқушылар сарайының шәкірті. Сабақтан босай қалса, шығармашылық үйіне асығады. Ата-анасының жолын қуған ол ән айтып, музыка саласында білімін шыңдап жүр. 6-сынып оқушысы облыстық, республикалық байқаулардан да жүлделі орындар иеленген.

– Маусымда «Жас қанат» байқауына қатыстым. 2007 жылы анам қатысып, орын ала алмады. 2008 жылы әкем қатысып, жеңіс тұғырынан көрінбеді. Ал 2023 жылы мен қатысып, жүлдегер атандым. Қуаныштан жыладым, – деді оқушы Дастан Тұрдалы.

40 жылдық тарихы бар Оқушылар сарайына биыл күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір мұнда 11 бағыт бойынша 300-ден астам үйірме жұмыс істейді. Балалар бос уақытында ән-күймен қатар, ғылыми зерттеулер жүргізіп, IT саласында білімін жетілдіріп жүр. Сондай-ақ биыл мегаполисте Наурызбай мен Алатау аудандарында жаңа шығармашылық орталық ашылды. Мұнда аптасына 5 мың балаға дейін қабылдауға мүмкіндік бар.

– Халықаралық деңгейдегі балалардың білімін бағалайтын көрсеткіштердің бірі – Пиза көрсеткіші. Алматы қаласының оқушылары Қазақстан бойынша 20 өңірдің ішінде 444,7 балмен ең жоғары көрсеткішті көрсетті. Сапалы білім алуға жағдай жасау үшін жақсы материалдық-техникалық жағдай болуы керек. Биыл Алматыда жергілікті бюджет есебінен 205 жаңа үлгідегі пәндік кабинет жабдықталды, – деді Білім беру басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Балабақша кезегі мәселесі – де елде әлі өзекті. Министрлік мектепке дейінгі ұйымдардағы орындарды бөлуде ашықтық қажет екенін айтты. Сол үшін де бірыңғай деректер базасын әзірлеп жатыр. Жаңа жүйе іске қосылса, ата-аналар табалдырық тоздырып, қаттама құжат жинамайды. Бәрі де автоматты түрде рәсімделеді. Биыл ел бойынша 555 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылып, 65 мыңға жуық жаңа орын пайдалануға берілген.  

– Алдағы екі жылда барлығы 740 мың орындық 369 мектеп салу көзделуде. Сондай-ақ 210 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының алшақтығын қысқарту мақсатында 1000 ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар робот техникасы, STEM, химия, физика, биология пәндерінен 1000 заманауи кабинетті ашылады, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Биыл колледжде оқитын студенттердің шәкіртақысы 50 пайызға өскен. Еліміздің бас ұстазы алдағы жылы стипендия өсетіні қуантты. Сонымен қатар 2025 жылға дейін сұранысқа ие мамандықтарды тегін оқыту көзделген. Оның 70 пайызын техникалық мамандықтарға бағыттау жоспарланған.

Айта кетейік, қазір Қазақстандағы 772 колледжде 531 мың студент білім алуда.

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда балабақша меңгерушілері бас қосты

Новости партнеров