Елімізде автожолдарды салуда инновациялық әдістер қолданылмақ. Соның бірі әрі бірегейі – жаңа технологияларды, зауыттар мен лабораториялардың тізімін бір жүйеге тоғыстыратын жоба. Жол төсеу кезінде құрылысшылар мен жобалаушылар маңызды ақпаратты сол жерден ала алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл жерде күнделікті асфальт сынамалары зерттеледі. Мамандар заманауи құрылғылардың көмегімен оның сапасын бағалай алады. Егер нәтиже көңіл көншітпейтін болса, зауыт оны қайта жасайды.
– Парафин-нафтен мөлшері 38-ден асып кетеді. Оны пайдаланбаған жөн. Өйткені ол қатты деформацияға ұшырайды. Сондықтан оны қайта жасап, сапалы битум алады, – деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ зертханасының жетекші инженері Сақыпжамал Бегалиева.
Мамандар көп жағдайда сынақтар оң нәтиже беретінін айтты. Дегенмен жол жабындысының ұзақ тұруына тек жақсы материал мен жұмыстың дұрыс технологиямен жасалуы әсер етпейді. Сапаға ықпалын тигізетін басқа да көп фактор бар.
– Жол төсеу кезінде тапсырыс беруші үнемі сол жерде жүруі керек. Асфальтты өндіруден бастап, оны толық өткізгенге дейін барлығын тексеруі міндетті. Себебі көп жағдайда құрылыс кезінде жол жабындысын төсеу температурасы, техниканың жүріп өту жүктемесі сақтала бермейді. Ал оның барлығын техқадағалау компаниясы бақылап отыруы керек, – деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ зертхана меңгерушісі Ғалия Асанова.
Қазақстандағы автожолдардың жағдайын жақсарту үшін институт бірыңғай база құруды ұсынды. Мамандардың айтуынша, ақпараттық жүйенің жобалаушылар мен құрылысшыларға берері көп.
– Қазақстан аумағында жұмыс істейтін автожол ұйымдары жаңа технологияларды әр жерде әртүрлі етіп жасауда. Ал біздің жоба соның барлығын қалай енгізу керегін және оларды болашақта қалай қолдануға болатынын бірыңғай тізімге жүйелеп береді, – деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ департамент директоры Әсел Нұғманова.
Тізімге ену оңай емес. Алдымен құрылыс материалдары мен технологиялар зертханада көпсатылы сынақтан өтуі керек. Одан кейін олар 2 жыл жолда сыналады. Қазір жоба аясында 50-ден астам технология қарастырылған. Оның 25-і базаға енгізілген және автомобиль жолдарын қайта жаңарту кезінде қолданылуы мүмкін.
– Бүгін біздің эксперимент ретінде қарастыратын материалымыз – тоқылған геотекстиль. Ол жолдың шайылып кетуіне жол бермеу үшін қолданылады. Сонымен қатар қорғанысты күшейту функциясын орындайды. Яғни, оны әзірлеуші бізге ғылыми-техникалық сүйемелдеу және мониторинг жасау жөнінде өтінім береді. Ал біз оны 2 жыл ішінде сынақтан өткізіп, тексереміз, – деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ департамент директоры Әсел Нұғманова.
Сонымен қатар жыл соңына дейін тағы бір жоба іске асырылады. Елдегі барлық көпір мен өткелдің цифрлық базасы әзірленбек. Олардың жағдайы дерекқорда сақталады. Мамандардың айтуынша, бұл техникалық ақауларды уақытылы жоюға және төтенше жағдайдың алдын алуға көмектеседі.
Қайрат Советбекұлы, Айдана Нұраш, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Есентай өзені арқылы өтетін көпірді реконструкциялау: қайта жаңарудан соң 600 ағаш отырғызылады