Алматыдағы Археология институтын жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатыр

16.11.2023 20:18

Тарихи жәдігерлердің арнайы қоры жасақталады

Сурет: Аlmaty.tv

Алматыдағы Археология институты жанынан тарихи жәдігерлердің арнайы қоры жасақталуда, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мемлекет басшысы Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда мекеменің қазіргі жағдайына «мүшкіл» деген баға беріп, тарихи жәдігерлерге арналған қор орталығын ашуды тапсырған еді. Соған сәйкес мамандардан арнайы топ құрылып, әлемдік тәжірибені зерттеуге кіріскен.

Алматыдағы Археология институты - мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің бірегей тарихи мұрасын жүйелі зерттеумен айналысатын басты ғылыми мекеме. Тұрғын үй кешенінің төменгі қабатында орналасқан институтта 100 аса маман қызмет етеді. Жеке ғимараты да, қор орталығы да жоқ мекеме зерттеулерін осындай тар аймақта өткізуге мәжбүр.

– Жалпы зоологиялық археология саласында соңғы 5 жылда 200 жуық ескерткіш материалы зертелді. Биологиялық материал екінші кезеңде зерттелуі үшін оларды сақтайтын арнайы орын қажет. Жақсы зертхана қажет. Бұл зерттеулер арнайы температурада сақталуы тиіс, - дейді Ә. Марғұлан атындағы археология институты зоологиялық археология зертханасының меңгерушісі Мәмбет Шағырбаев.

Қазба жұмыстарынан табылған материалдардың барлығы бірдей сақтала бермейді. Олар қаншалықты ақпарат бере алатыны мен жарамдылығына қарай сұрыпталады. Соның өзінде орта есеппен 10 қораптың тең жартысында өте маңызды ақпарат болғандықтан, дәлелдеме ретінде сақталады. Бүгінде мұнда қор жасақтау бойынша нақты жұмыстар қолға алынған.

–Осы мәселе тікелей мемлекеттің, министрліктің құзырында. Мәселен Франция, Германия, Ресей, Қытай елдерінің ғылыми зерттеу инстутында керемет жағдай жасалған. Біздің орталықтың мәселесі көтеріліп, шешімін тауып жатқанына қуаныштымыз. Озық елдердің тәжірибесі негізінде бірнеше ұсыныс жасадық, - дейді Ә. Марғұлан атындағы археология институты директорының орынбасары Талғат Мамыров.

Аталған институттың Орталық Азия елдерінде теңдесі жоқ деуге негіз бар. Мамандар да жыл сайын шетелдік ғалымдармен тығыз қарым-қарынас жасап, зерттеу нәтижелерімен алмасады. Институт қызметкерлерінен құрылған жұмыс тобы қор жасақтау жұмыстармен айналысады.

– Менің ең басты мақсатым – суретке түсіру. Содан кейін жасалған нәрселердің барлығын компьютерге тіркеп, каталог жасаймын. Кейін ақырындап жәшіктердің нөмірін жасаймын, - дейді Ә. Марғұлан атындағы археология институтының қызметкері Ерасыл Жамалбай.

Институт мамандары кейбір экспедициялардан 30-40 жуық жәшік келетінін айтады. Сондықтан тарихи жәдігерлерді қоятын орынның жоқтығы басты мәселе. Ал қор орталығы ашылса, әр материалды арнайы бөлімге бөлетін мүмкіндік туар еді дейді мамандар.

Археология институты жыл сайын түрлі бағдарламалар аясында 50 аса экспедиция өткізеді. Қазақстанда жалғыз археологиялық институт болғанымен, одан бөлек жеке ұйым мен жоғары оқу орындарының да өткізетін жұмыстары  және табатын қазбалары бар. Қор орталығын толықтай салып, материалдарды көшіруге 2 жылдан аса уақыт қажет. Қуантарлығы - мәдени құндылықтарымызды сақтап қалуға жіті көңіл бөлініп жатыр.

Жансая Олжабек, Әлішер Ерғалұлы, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда ұлттық құндылықты дәріптеуге үйрететін семинар өтті