Елімізде алғаш рет мемлекеттік грантқа түсушілерге арналған электронды Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Бүгін Алматыда 600-ге жуық талапкер емтихан тапсырады. Тестілеу қала бойынша бір ғана университетте өтіп жатыр. Пандемияға байланысты тест тапсыру өзгеше форматта ұйымдастырылған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін айтсын.
Жас түлек Елизавета Ларцева сәулетші мамандығын таңдап, мемлекеттік грантқа түсуге бекінген. Емтихан тапсыру үшін көп күш жұмсап, біраз уақыт жаттығыпты.
«Ұлттық бірыңғай тестілеу мен үшін аса қиынға соғады деп ойламаймын. Ең бастысы физика, математика пәндерінің формулаларын білсең болғаны. Бірақ мен үшін тарих сабағы аздап күрделі болуы мүмкін. Әйтсе де бағымды сынауға дайынмын», – деді Елизавета Ларцева.
Алғашқы түске дейінгі лекке сынақтан өтуге Елизавета сияқты 295 бала келді. Тағы 300 түлек күннің екінші жартысында тапсырды. Биыл емтихан қала бойынша бір ғана пункте, яғни Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің базасында электронды түрде өтіп жатыр.
«ҰБТ онлайн форматта болған соң кішкене қиын болды. Себебі біз қала бойынша бірінші болып емтихан тапсырып жатырмыз. Сол жері қиындау», – деді жас түлек Жәния Әкімбекова.
Тестілеу өтетін жерде барлық карантин талаптары сақталған. Алдымен болашақ студент дезинфекциялық есіктен өтеді. Әрі қарай оқушының температурасы өлшенеді. Сосын қолы антисептикпен сүртіледі. Одан кейін оқушының маскасы ауыстырылып, мынадай жаңа бетперде кигізіледі. Яғни, бұл жерде байқағанымыз тестілеу процесі барлық карантин талабына сай өтіп жатыр деп айтуға болады.
Сондай-ақ, нысан жанында дәрігерлер кезекшілік етеді. Балаларға 2, 3 және 15 минуттық үзіліс алуға мүмкіндік бар. Әдетте топ-топ боп жиылып, баласына тілектес боп жүретін ата-ана да бұл жолы аса көп емес.
«ҰБТ-ға өзіміздің бағымызды сынап грантқа түсуге келді қызым. Енді бәрі аман-есен мақсатына жетіп шықсын деп тілейміз. Тек қана жалғыз қызыма емес кірген барлық оқушыларға соны тілеймін», – деді ата-ана Гаухар Ізмағанбетова,
Жалпы биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу бұрынғыдан өзгерек. Мәселен, тестті тапсырған соң нәтижесін бірден білуге болады. Сондай-ақ, оқушыларға емтиханды 4 рет тапсыруға мүмкіндік беріледі. Оның екеуінде мемлекеттік грантқа түсуге үміткер бола алады. Грант конкурсына жиналған ең жоғары ұпаймен қатысуға болады.
«Үшінші рет тапсырып жатырмын. Бүгінгі нәтижеме көңілім толады. Тағы бір мүмкіндігім бар», – деді жас түлек Роллан Әлібеков.
«Сұрақтардың жартысын анық білдім, қалғанын логикаға салдым. Бұдан да жоғары балла алу үшін тағы да тапсырып көремін», – деді жас түлек Азиза Шүленбаева.
«Ақпараттық қауіпсіздік мәселесін аса қатты көңіл бөлініп отыр. Айтар болсақ, өзге де желілердің шабуылына қарсы арнайы VPN желісі, FaceID жүйесі іске қосылып отыр. ҰБТ 5 пән бойынша 240 минут, яғни 4 сағатқа созылады. Ал шығармашылық емтихандар тапсыратындар үшін 65 минут», – деді Ұлттық тестілеу орталығының өкілі Жандос Құмғанбаев.
Айта кетейін, қала бойынша биыл 11 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Тест 90 күн яғни 30-шы маусымға дейін жалғасады.
Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы