Енді оқушылар мамандық таңдауды Ұлттық біріңғай тестілеу жақындағанда таңдамайды. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов олар болашақта кім болатынын 7-сыныптан бастап білуі керек екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, Павлодар облысында «Жаңа мамандықтар атласы» бойынша пилоттық жоба апробациядан сәтті өтіп жатыр.
«Ол жердегі негізгі сұрақтар мектептен басталады. 7-сыныптан бастап, балаларды дайындауымыз керек. Ол жерде ата-аналар, сол өңірдегі ірі компаниялар дайындалуы керек. Болашақта оларға кімдер келеді. Германияда мысалға, ата-аналар да, балалар да болашақта баласының кім болатынын мектеп қабырғасында жүргеннен бастап біледі. Біз соңғы уақытқа дейін жүреміз. Оқу бітіргеннен кейін де таңдап жатамыз», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов теңгелік депозиттердің тартымдылығын халықтың арасында арттыруға байланысты Ұлттық банк базалық ставканы 9,8-ден 13,5 пайызға көтеріп отырғанын айтты. Онымен қоса, жеке тұлғалардың теңгелік салымдарын қорғау мақсатында депозиттегі ақшаларына бюджет қаражаты есебінен 10 пайызға дейін өтемақы төлеу туралы шешім қабылданған.
«Халықтың ол жерде салған ақшасы бар ғой. Соны мемлекет қорғауы керек. Онымен қоса, қазақстандық депозиттерге кепілдік беру арнайы қоры бар. Сол қор арқылы бүгін депозиттер бойынша шектік мөлшерге де нақты шаралар қабылданып отыр», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.