Мұғалімдердің бес күндік жұмысқа қашан көшетіні белгілі болды

открытые источники
открытые источники
Вице-министр мұғалімдерді мазалап отырған мәселенің қашан шешілетінін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандағы мектептерді бес күндік оқу аптасына көшіру мәселесі жыл соңына дейін шешіледі. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова айтты, деп хабарлайды Sputnik.

"Қазір мұғалімдер қауымын мазалап отырған үлкен мәселе – бұл бес күндік жұмыс аптасы. БАҚ беттерінен Асхат Қанатұлының (министр Аймағамбетов – Sputnik) бұған қатысты айтқанын оқыдыңыздар. Әр мектеп педагогтары кеңесінде бұл мәселені талқылап, өздерінің типтік оқу жоспарларына қарай бес күндік оқу аптасына көше алады. Білім және ғылым министрлігі мектептерге осыны ұсынып отыр", - деді вице-министр елордада өткен тамыз конференциясында.

Айтуынша, егер мектеп бес күндік оқуға ауысса, мұғалімдер сенбі күнін өз қалауына қарай өткізуге құқылы.

"Мұғалімдер ол күнді үйде, балаларының қасында өткізе алады. Бірақ, мектеп әкімшілігі айына бір рет педагогикалық кеңесті шақырып, не болмаса тағы басқа шаралар ұйымдастыруы мүмкін. Сондықтан бес күндік жұмыс аптасына қатысты мәселе биыл түпкілікті шешіледі деген ойдамыз", - деді Жақыпова.

Айта кетсек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен тамыз конференциясында білім министрі Асхат Аймағамбетов мектептерге бес күндік оқу аптасына көшуді ұсынған болатын. Қазір кейбір өңірлерде мұғалімдер аптасына бес күн ғана істейді. Бірақ, сенбі күні де мектепке шақырылатын көрінеді.

Новости партнеров