Алматы жұрты елімізге белгілі ғалым, академик Әбдімәлік Нысанбаевты соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Философия ғылымдарының докторы, профессор 86 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ол – артына мол мұра қалдырған білікті ұстаз. Абыз ақсақал 570-тен астам ғылыми еңбек жазды, оның бірқатары шет тілдеріне аударылған. Қаралы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ел Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың және Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың көңіл айту жедел хаты оқылды.
«Көрнекті ғалым, академик, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбдімәлік Нысанбайұлы Нысанбаевтың дүниеден өтуіне байланысты қайғырып көңіл айтамын. Әбдімәлік Нысанбайұлы ұзақ жылдар бойы оқу-ағарту саласында жемісті жұмыс жасады. Көптеген ғылыми еңбектердің және монографиялардың авторы атанды. Өзінің ғылыми еңбегін қалыптастырып, шәкірт тәрбиелеу ісіне мол еңбек сіңірді», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Еселі еңбек сіңірген ғалым қазақ философиясы деген ұғымды ғылымға енгізген. Өнегелі ғұмырында жарқын із қалдырған академик Әбдімәлік Нысанбаевтың есімі ел есінде мәңгі қалады.
«Орны толмас қайғыға ортақтасып көңіл айтамын. Әбдімәлік Нысанбайұлы елімізде философия саласын зор үлес қосты. Ағамыздың жазған еңбектері мен жасаған зерттеулері алдағы уақытта отандық ғылымды жетілдіруге қызмет ете берері анық. Оның ғылым үшін атқарған ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Зәки.