Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағымданатын кәсіпкерлер саны арта бастаған. Соңғы бір айда ғана Алматыдағы департамент 800-ден астам кәсіпкердің құқығын қорғап, 9 мәселені шешкен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тіл үйрету курсын ашқан кәсіпкер мемлекеттік мекемеден бір кабинетті Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінен жалға алған. Тәлімгерлердің айтуынша, қазір мұнда 60-қа жуық оқушы бар. Олар ағылшын тілінен бөлек, қазақ тілін де үйренеді. Алайда соңғы уақытта мұндағы оқудың шырқы бұзылған көрінеді.
«Соңғы 2 жылда бізде қиындық туындады. Ғылым ордасы түрлі айла қолданып, бізді ғимараттан шығарғысы келді. Ал менде тиісті мекемемен жасасқан, мерзімі жақында ғана ұзартылған келісімшарт бар. Ғимаратқа кіргізбей қойған кездері де болды», – деді кәсіпкер Гүлмира Балмұхамбетова.
Кәсіпкер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арыз жазған. Мәселеге бірден араласқан антикор өкілдері кездесу ұйымдастырған.
«Бұл мәселе «Кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау» тұрғысынан зерттеліп жатыр. Құқықтық бағалау кейінірек берілетін болады. Оқу процесін қалпына келтіру мақсатында ЖШС өкілдерімен, сондай-ақ баланс ұстаушымен медиативтік тәртіпте кездесу ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта оқу орталығының қызметі штаттық режимде қалпына келтірілді», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция басқармасы басшысының орынбасары Уәлихан Құрамаев
Ал мекеме басшылығы болса, кәсіпкер мен мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің жалға беру мерзімін ұзартқанына наразы. Себебі ғимаратта күрделі жөндеу басталады. Сондай-ақ өз қызметкерлеріне орын жетпейтін көрінеді.
«Жөндеу жұмыстарына байланысты ғимаратты босатыңыздар» деп былтыр ескерткенбіз. Екінші мәселе бізде ғылыми зерттеу институттарында қызметтік бөлмелер жетіспейді. Қажеттілік болғандықтан Алматы қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне де ескерткенбіз», – деді «Ғылым ордасы» РМК бас директорының орынбасары Нұрлан Сейдін.
Ал тиісті мекеме өкілі кәсіпкермен келісімшарттың мерзімі былтырғы желтоқсанда тағы 3 жылға ұзартылғанын айтты.
«Ғылым ордасы бізге хат жазады. Онда Educational Language Center-мен келісімге тоқтатыңдар деген өтініш қалдырады. Ал бұл кезде біз келісімді 3 жылға созып тастағанбыз. Келісімшартта көрсетілген пунктер бар. Егер баланс ұстаушы «келісімді тоқтаңыз» деп қайта арыжазса, келісімшарт бұзылады», – деді Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы Рауан Жарылқасымұлы.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті өкілінің айтуынша, кәсіпкер ғимаратты босатуы керек. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мамандары зерттеу жасалып жатқанын айтты. Тараптар бір-бірімен келіспеген жағдайда мәселе сот арқылы шешіледі екен.
Оразай Нұртайұлы, Ялкунжан Әшімжан, «Алматы» телеарнасы