Мұғалімдер арасында Қасыл Қатықбаева атындағы «Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі» қалалық байқауы басталды. Бұған дейін 8 ауданда іріктеу өтті. Енді ол сыннан өткен ұстаздар екінші кезеңде бақтарын сынап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Ұстаз мәртебесі - ұлт мерейі» қалалық байқауы қазан айында басталған. Сайыста бағын сынауға 80 ұстаз өтініш білдірген. Арасынан оқ бойы озып шыққан 21 ұстаз, 3 кезең бойынша сынға түсті.
Сайыста бағын сынап жатқандардың бірі – Перизат Дүйсебай. Қазір Мүсілім Базарбаев атындағы №138 гимназияда қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Перизат Дүйсебай ұрпақ тәрбиесі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқанына 8 жылдан асқан.
«Мұндай байқаулардың мұғалім үшін, жалпы жастар үшін өте көмегі зор. Себебі біз бұдан шығрамшылығымыз жетіледі. Шыңдаламыз. Бірақ дегенмен де, сахнаға қанша шығып жатсақ та, қобалжу бәрібір басылмайды», - деді М. Базарбаев атындағы № 138 гимназиясы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Перизат ДҮЙСЕБАЙ,
Алғашқы кезеңде қатысушылар қазылар алқасына педагогикалық тұжырымдамаларын ұсынды. ІІ кезеңде «Функционалдық сауаттылық – заманауи қоғам талабы» тақырыбында мұғалім өзінің таныстырылымында баяндаған тұжырымдама негізінде ұйымдастырған сабағын, ал III кезеңде Елбасының «Болашаққа бағдар; Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Өз жеріңді танып біл» тақырыбында тәрбие сағатын көрсетеді.
«Ұстаз мәртебесін көтеру ол еліміздің әрбір азаматының ерекше алдында тұрған мәселе. Біз өз бағытымыздан, өз тарапымыздан ұстазға деген ерекшелік сезімімізді, ерекше құрметімізді, өзіміздің қосып келе жатқан үлесімізбен анықтауға болады деп ойлаймын», - деді кәсіпкер Мұрат ӘДІЛХАНОВ.
Атап өтерлігі, бұл байқау осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғашында сайысқа тек «Қазақ тілі және әдебиеті» пәнінің мұғалімдері қатысқан болатын. Өткен жылы барлық пән бойынша қатысу мүмкіндігін иеленді.
Перизат Көмекбайқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы