|
20.11.2019 | 16:03
2530

"Бастысы әркімнің қойнына кірген жоқпын": 6 рет тұрмыста болған әйел жан сырын ақтарды

Ол бауырларын жетілдіру үшін әпкесімен бірге жастайынан жұмыс істеген

"Бастысы әркімнің қойнына кірген жоқпын": 6 рет тұрмыста болған әйел жан сырын ақтарды

Ажырасу қоғамның дертіне айналғалы қашан. Тағдырдың жазғанына көніп, тірлігін жалғастырып жүргендер, қайта отбасын құрып бақытқа кенелгендер де кездесіп жатады. Айрандай ұйып отырған отбасының ажырауы, әсіресе әйел адамдарға ауыр тиері сөзсіз. 6 рет тұрмыс құрған кейіпкер өзінің тағдырлы өмірін, басынан кешкен қиындықтары мен сол арқылы қалыптасқан құндылықтары туралы баяндап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Отырар" басылымына сілтеме жасап.

«45 жастамын. Екі баланың анасымын. Базарда саудагер болып жүргеніме 30 жылдан асты. Отбасында үйдің екінші қызы болдым. Кішкентайымнан әпкеме көмектесіп, базарға шығып кеттім. Әкеміз аурушаң адам еді. Анамыз кенже сіңлімізді босану үстінде көз жұмды», - деп бастады әңгімесін кейіпкер.

Бауырларын жетілдірем деп жастайынан жұмысқа кіріскен оны 18 жасында өзінен әлдеқайда ересек адам алып қашады. Тағдырыма көндім деп, отбасылық өмірін жалғастырып жүре берер ме еді, егер күйеуі аяғы ауыр екеніне қарамай, сабамаса.  Соның кесірінен денсаулығы күрт нашарлап, ауруханаға түседі. Әпкесі оның мүшкіл халін көріп, үйге алып кетеді. Бірінші ажырасу осылай болған еді.

«Араға екі жыл салып тағы да тұрмыс құрдым. Бұл жолы сондай жақсы адам кезікті. Жанымды түсінетін, мені құрметтейтін адам еді. Көлік апатынан әйелі мен баласы қайтыс болған соң, бес жыл бойына отбасын құрмаған екен. Бір-бірімізді таныған соң бірден үйленуге шешім қабылдадық. Үйлендік. Неге осындай адамдар өмірден ерте кетіп қалады екен? Отбасын құрғанымызға жыл толмай жатып, ол кісі жол апатынан қаза болды. Осылайша өмір мені тағы да күтпеген жерден сынады», - деп әңгімесін әрмен қарай жалғастырды әйел.

Өмірдің көлеңкелі сәті кетіп, күн шыққандай көрінгенімен, бірақ ол да көпке ұзамайды. Әйелдің үшінші күйеуі да қайтыс болады. Күйзелістен шыға алмай жүргенде, өзіне тағдыры ұқсас ажырасқан адаммен төртінші рет тұрмыс құрады. Бірақ оның да соңы ішкілікке салынып таяқ жеумен тынған соң, тағы да ажырасады.

Содан кейін "төрт рет ажырасқан" деген елдің сөзінен шаршап, Алматыға кетеді. Бұл жақта да базарда жұмыс істейді, мұнда жүріп бесінші жолдасына кездеседі. Өмірінде алғаш рет сәби сүйіп, әйел бақытына жетеді. Бұл жары да қайтыс болады. Алтыншы рет отбасын құрып, ұлды болады. Тағы да ішкілікке салынған адамды көріп, ажырасады. Содан кейін ғана әйел "енді ешқашан тұрмысқа шықпаймын" деп, өзіне сөз береді.

«Мен ұлы да, қызы да бар бақытты анамын. Бастысы әркімнің қойнына кірген жоқпын. Өмірде кездескен жандармен некеде болдым. Күнә жасамадым. Маған берілген сынақ осы болса, сынбай келе жатуым мықтылығым деп білемін. Бірақ, адамдар өз бастарына түспей өзгені түсінбейді», - деп ішкі шерін тарқатты кейіпкеріміз.

Қандай жағдай болмасын, өзге адамның өміріне үкім шығарар ешкім жоқ екенін есте ұстағанымыз жөн.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир