Алматыдағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында ұстаздар күніне орай мұғалімдерді марапаттау рәсімі өтті. Қаламыздың үздіктері Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес жаз айларында видео сабақтар әзірлеген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Нақтыласақ, химия пәні бойынша 7, 8-9, 11-сынып оқушылары үшін ағылшын тілі пәнінен қосымша қырық сағаттық видео сабақтар даярлаған. Сондай-ақ, мұғалімдер екі ай бойы сабақтың жалпы мазмұны мен презентациялық жобаларын әзірлеген. Ал арнайы құрылған сарапшылар комиссиясыз отыз шақты мұғалімнің ішінен, марапаттауға тек жиырмасын ғана лайықты деп тапқан. Жеңімпаздардың еңбектері youtube желісінің «Өрлеу» білім беру арнасында орныластырылған.
«Біз Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес ауқымды жұмыс атқардық. Мұғалімдерді іріктеу кезінде тек еңбек өтіліне ғана емес, жастардың креативті ойлау қабілетіне де назар аудардық. Нәтижесінде бүкіл Республика оқушылары мен мұғалімдері үшін бейнесабақтар дайын болып шықты. Бұл – қашықтан оқыту кезінде көрсетілген үлкен көмек деп санаймын», – деді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ Алматы қаласы бойынша ПҚ БАИ директоры Раиса Сәдуақасова.
Ал еңбегі еленген мұғалімдер мұндай мүмкіндік берген мекеме қызметкерлеріне алғысын жаудырды. Бұл туындылар ел болашағы жастардың білім алуына қосқан үлес болса, қуанышымыз еселене түсер еді дейді олар.
«Бұл – үлкен еңбек, үлкен ізденісті талап ететін және біздің мынау білім алуды аңсап отырған жас ұрпақтарымыз мектеп оқушылары үшін де жақсы ресурстар деп ойлаймын. Әрине, жақсы білім алып, барлығы үлкен бір биіктерден көрінсе, болашақта Қазақстанның болашағына, келешегіне жұмыс жасайтын ұрпақ болса, біздің қуанышымыз одан сайын жалғасар еді деп ойлаймын», – деді химия пәнінің мұғалімі Нұргелді Әбеу.