Ұлттық жобасы аясында салынатын оқу орнында 37 мың оқушы білім алмақ
Алматыда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 37 мың оқушыға арналған 22 білім ошағын салу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде үш ауысымды оқу мәселесін шешіп, апатты саналатын білім мекемелерінің санын азайтуға ықпал етпек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айым Сағдолданова – 5 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз. Ол оқушылар арасында жиі сауалнама жүргізеді. Нәтижесінде шәкірттерінің шет тілдерін меңгергісі келетінін және IT саласында дамуды қалайтынын аңғарған. Ал мектеп басшылығы оқушылардың пікірін ескеріп, осы саладағы үздік ұйымдармен меморандумға отырған. Енді олардың тегін тіл курcы мен стартап жобаларға қатысуына мүмкіндігі бар.
«Сабақтар мультидисциплинарлы бағытта болатын. Яғни, әр пән өз алдына жұмыс жасайтын. Қазір пәнаралық бағытта жұмыс жасаймыз, сабақтар бір-бірімен кіріктіріліп оқытылады. Сонымен қатар, Problem-Based Learning оқу бағдарламасы оқушының критикалық дамуына, талдау жасауына, менеджментті игеруіне негізделген», – деді №201 мектеп-гимназиясының мұғалімі Айым Сағдолданова.
Бұрын білім ошағында теорияға көп мән берілсе, енді тәжірибеге көңіл бөлінеді. №201 мектеп-гимназиясының оқушылары биология пәні кезінде өсімдіктермен қолмен ұстап танысады. Білім ордасы маңындағы жылыжайда жасыл желектің өсу процесін бақылауға болады. Сондай-ақ оқушылар работотехника үйірмесінде түрлі бұйымды жасай алады. «Жайлы мектеп» деген ұғым – баланың сұранысын қанағаттандырып, дамуына барлық жағдай жасау.
«Тағы да бір ерекшелікті айтып кетейік, оқушыларға сабақ өтуге арналған open space алаңымыз бар. Ол жерде оқушылар ағылшын тілін тереңдетіп оқитындықтан, English club аптасына екі рет ұйымдастырылып тұрады. Сол жерде оқушылар ойын еркін ортаға салып, кездесу өткізеді», – деді №201 мектеп-гимназиясының директоры Арайлым Шамова.
Шынында да, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын білім ошақтарында оқушылар мен ұстаздарға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалады. Жалпы 2025 жылға қарай еліміздің барлық аймағында 400-ден астам мектеп салу көзделген. Жобаны жүзеге асыруға 2 жарым триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.
Жадыра Омаржан, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы