«Қалқаман-2» ықшамауданындағы әлеуметтік нысан 45 балаға шақталған. Бөбектердің 95 пайызы «Балапан» бағдарламасына іліккен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – жыл басынан бері Наурызбай ауданында ашылған 16-жекеменшік балабақша. Ал жыл соңына дейін жергілікті әкімдік кәсіпкерлермен бірігіп, тағы 200 балаға арналған төрт балабақша ашуды жоспарлап отыр. Бүгін қолданысқа берілген жаңа әлеуметтік нысан айналдырған 3 айдың ішінде ашылған.
«45 балаға арналған. Ашып үлгерген жоқ. Толтырып үлгеріпті. Десек те бұл жерде барлық санитарлық нормаға сай, ауданымызда 65 балабақша “Балапан” бағдарламасымен жұмыс жасайды жекеменшік балабақшалардың ішінде», - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Ғани МАЙЛЫБАЕВ.
Балабақшаны ашқан директор бизнесіне 100 миллион теңге инвестиция құйған. Басты ниеті, салған қаражатты қайтарып алу емес, бөбектерге жақсы жағдай жасап, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу. Көпбалалы ана балаларды жан-жақты дамыту үшін атсалысатындарын айтады.
«Өзім бес баланың анасымын. Балабақшаны ашар кезде жайлы болуына баса мән бердім. Көп ата-ананы толғандыратын сұрақтарды жақсы білемін. Баламыз уақытты тиімді пайдалана ма? Тәрбиешілері қандай? Балабақшада барлық жағдай жасалған ба? Бұл әр ата-ана үшін маңызды», - деді балабақша директоры Гүлзира МЕДЕУБАЕВА.
«Тағы да бір балабақша ашылып жатыр. Ал бұл балабақша заманауи талапқа сай, тіпті ағылшын тілін де үйретеді. Математикаға үйретеді. Баланы жан-жақты дамытады», - деді Алматы қаласы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мүшесі Нағигүл БЕЙСЕНБИНА.
Айта кетейік, Наурызбай ауданында 4300 баланы қамтитын 85 балабақша бар. Оның үшеуі мемлекеттік болса, қалғаны 82-сі жекеменшік. Онда 600 қызметкер тәлім-тәрбие береді. Жекеменшік балабақшаның 63-і мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді.
Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, Алматы телеарнасы