|
31.10.2019 | 21:51
10469

Алматыда 30 жылдай қаңырап тұрған бұрынғы кинотеатр ғимараты тұрғындардың үрейін ұшырып тұр

Әуезов ауданы әкімдігінің бұл ғимаратта шаруасы жоқ болып шықты

Алматыда 30 жылдай қаңырап тұрған бұрынғы кинотеатр ғимараты тұрғындардың үрейін ұшырып тұр

Қаңырап қалған ғимарат. Маскүнемдердің ордасына айналған кинотеатр. Біз айтып отырған кинотеатр осыдан 30 жыл бұрын елдің сүйікті орны еді. Ал, бүгінде құлаудың аз-ақ алдында. Елеусіз қалған нысанға тұрғындардың жаны ашып, ел игілігіне жараса деген тілегі бар. Алайда, Әуезов ауданындағы бұл ғимаратта аудан әкімдігінің шаруасы жоқ болып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шашылып жатқан бөтелке мен қанға боялған инелерді көріп, бұл жердің ішкіштер мен нашақорлардың ордасына айналғанын аңғаруға болады. Кезінде кинотеатр болған бұл ғимарат қазір апатты жағдайда 10 жылдан бері бос тұр екен

Тұрғындардың айтуынша, аталған ғимарат тәуелсіздік алған жылдан бері қаңырап бос тұр. Соңғы он жылда тіпті құлауға шақ қалыпты. Жергілікті билікке күрделі жөндеу жасап, балаларға арналған орталық ашып берсе деген ұсынысиы бір емес, бірнеше рет айттық дейді тұрғындар. Ғимараттың отыз жылдай уақыт бос тұрғанына көпшіліктің жаны ауырып жүр.  

«Бір кездері бұл жер қандай еді?!. Балалар тиын беріп, кино көретін. Қазір білмеймін...», – деді тұрғындардың бірі.

«Құр тұрғанша балабақша ашып қойса ғой. Менің көшіп келгеніме бес жыл болды. Сол уақыттан бері қаңырап бос тұр», – деді келесі бірі.

Бос тұрғаны былай тұрсын, бір күні опырылып ортасына түсе ма деп қорқады жұрт. Себебі оның ішіне мектеп оқушыларының кіріп ойнайтынын жиі байқаймыз дейді. Тіпті іші еріншектердің қоқыс тастайтын орнына да айналған. Бірнеше мәрте балалар онда ойнап от жағып, ғимараттың өртеніп кеткен кездері де болыпты.

«Мектеп оқушылары ғой енді. Бір жерден қуаласаң, екінші жерге қашады. Балалар екінші қабатқа шығып алатын. Сосын баспалдақты кесіп тастадық», – деді Дәуітжан САУЫТҰЛЫ.

Ал, аудан басшылығы қаңырап қалған ғимаратта шаруамыз жоқ деп шығарып салды. Керісінше, бұл нысан қалалық мемлекеттік активтер басқармасына қарайды деп жол сілтеді. Енді аталған басқарма өкілдері талай жылдан бері тоз-тозы шыққан бұрынғы кинотеатрды енді ғана есіне алғандай көп ұзатпай халықтың игілігіне арналған орталық ашамыз деген ойын айтты.

«№3 шағынауданда орналасқан үй-жайға қатысты айтсақ, 274 шаршы метр тұрғын емес үй-жай. 2018 жылы 26 қазанда «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына берілген.  Ол кітапхана немесе үйірме, болмаса оқыту орталықтары ма, сондай бір әлеуметтік мекеме болады», – деді Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқарма басшысының міндетін атқарушы Рүстем ӘЛИЕВ.

Әзірге бұл уәденің қашан жүзеге асатыны нақты белгісіз. Десе де тұрғындар 1964 салынған ғимараттың халықтың игілігіне жарайтынына қатты үмітті.

Қуан Нұрақын, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

здания
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир