Кәсіби біліктілік: Алматыда балабақша мамандары шетелде тағылымдамадан өтуге жолдама алды

Almaty.tv
Almaty.tv
Тыңдаушылардың бірінші легі курсты аяқтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда балабақшаларындағы 440 маманға арналған біліктілікті арттыру курстары өтіп жатыр. Жоба оңтүстік астананы дамытудың Жол картасын жүзеге асыру аясында қалалық Білім басқармасының мұрындық болуымен ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Білім беру процестерінің тиімділігін арттыру мақсатында қолға алынған жоба тамызда басталған. Оның шеңберінде қала балабақшаларының 440 маманы кәсіби машықтарын жетілдіруге мүмкіндік алып отыр. Біліктілік курстарында балабақша мамандары мектепке дейінгі, оның ішінде инклюзивті білім берудің заманауи тәсілдерін меңгереді.

– Курстың мақсаты – әдіскерлік қызметтегі педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, тәлімгерлікті дамыту. Сонымен қатар жаңа отандық, халықаралық деңгейдегі озық іс-тәжірибесін енгізу, – деді «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы» МКК бөлім жетекшісі Раушан Тұмаева.

Қазіргі таңда тыңдаушылардың бірінші легі курсты аяқтап жатыр. Нәтижесінде 150 маман үш апта бойы сертификатталған жаттықтырушылардан білім алды. Мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері арасында «Әдіскер қызметінің заманауи моделі» байқауы ұйымдастырылған. Тыңдаушылардың курс кезінде алған білімі пысықталып, ең жоғары балл жинаған қатысушылар халықаралық тағылымдамаға қатысуға үміткер атанбақ.

Айта кетейік, жаттықтырушылар қатарында мектепке дейінгі білім беру саласының отандық және халықаралық жетекші мамандары бар.

– Алған білімді дұрыс бағытта көрсетіп,  осы оқу жылында жоспарлап отырған жұмыстарға қандай жаңашылдық енгізетінімізді айттық. Әдіскерлік жұмысын ұйымдастыру, жаңа технологияларды қолдану, ақпараттық-коммуникативтік машықты дамыту мақсатында үздік педагогтер мен мамандардың тренингіне қатысып, мол білім алдық деп ойлаймын, – деді әдіскер Айгерім Жұмабекқызы.

– Мектепке дейінгі білім беру саласының нормативтік-құқықтық актілері, жаңа әдістемелер, инновациялық технологиялар бойынша көп мәлімет алды. Соңғы нәтижелік конкурс өтіп жатыр. Осы конкурстың 20 жеңімпазы шетелге барып, тәжірибе бөліседі, – деді Балаларды ерте дамыту институтының зертхана меңгерушісі, конкурстық комиссия төрағасы Гульнара Мукушева.

Курс соңында тыңдаушылар арасында үздік деп танылған 40 маман Малайзия, Қытай, Польша және Германияның мектепке дейінгі озық оқу орындарында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады. Ал қыркүйекте жобаның екінші легі басталып, курс балабақша меңгерушілері, педагог-психологтары мен арнайы педагогтарға арналған оқу бағдарламасымен жалғасады.

Жансая Олжабек, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров