Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің құрылғанына биыл 20 жыл. Осыған және егемендіктің 30 жылдығына орай бүгін білім ордасында «Ұлттық рухани тұтастықты дамытудағы діни білім берудің маңызы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Онда қазақстандық исламтану мектебінің қалыптасуы, дінтанулық мәселелер, экстремизм және терроризмнің алдын алуда діни білім берудің маңызы сынды мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Басқосуда бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен Ақпарат және Қоғамдық даму вице-министрі Серік Рахметоллаұлы құттықтау сөз сөйлеп, университеттің елдегі ислам сауатын арттырудағы рөліне тоқталды. Одан бөлек бұл конференцияға Египет Араб Республикасының өкілдері, АҚШ, Ресей, Индонезия, Өзбекстан, Кувейт елдерінің профессорлары қатысқан.
«Біз діни білім беру саласы бойынша Қазақстандағы жалғыз бірегей университетпіз. Сол үшін зайырлы қоғамда діни білім берудің маңыздылығы және осы дінтану, исламтану бағыты бойынша өзекті мәселелер және осы сын-қатерлер осы қоғамдағы осындай тақырыптар төңірегінде қозғалатын болады», – деді Нұр-Мүбарак ЕИМУ проректоры Қайрат Құрманбаев.