Енді «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскен Сулейман Демирель университетінің қызметкерлеріне жұмыс орнынан шәкіртақы тағайындалады. Бұл туралы ЖОО ректоры Давронжон Гаипов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биыл университеттің 16 оқытушысы «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанды. Қызметкерлер 1 жыл бойы шетелде тағылымдамадан өтеді. Ректордың айтуынша, биылдан бастап оларға мемлекеттік шәкіртақыдан бөлек қосымша көмек беріледі.
«Қазіргі таңда университетімізде «Болашақ» бағдарламасының 44 түлегі қызмет етеді. Енді биылдан бастап бағдарлама аясында оқуға, тағылымдамаға баратын қызметкерлерге көмек ретінде орташа жалақыдан 40% шәкіртақы төлейміз. Тағылымдамаға шетелге кеткен қызметкерлердің орны міндетті түрде сақталады», – деді ректор.
Биыл 16 маманның сегізі АҚШ-тағы Columbia University, біреуі American University, төртеуі George Washington University, үшеуі Ұлыбританиядағы University of Essex, Heriot-Watt University жоғары оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинауға барады.