|
15.06.2022 | 19:42
2841

Зеленский: Украина әскері соңғы 2 тәулікте шығынға ұшырады

Ресейдің Қорғаныс министрлігі қарсыластарын тұтқынға алуда келеңсіздіктер орын алды дейді

Зеленский: Украина әскері соңғы 2 тәулікте шығынға ұшырады You tube

Украина әскері соңғы 2 тәулікте Донбасс пен Харьков облыстары аумағында үлкен шығынға ұшырады. Бұл туралы президент Владимир Зеленский мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.



НАТО-ның хабарлауынша қазір Украинаға әскери техникалар көп мөлшерде қажет. Алайда Батыс елдері Киев сұраған қару-жарақтың 10 пайызын ғана жеткізіп отыр.  

Екі ел үшін стратегиялық маңызға ие Северодонецк қаласының 80 пайызы Ресей әскерінің бақылауына өтті. Қазір онда 2,5 мыңға жуық украиналық әскер қарсыластарына тойтарыс беруде. Олардың төрттен бір бөлігі – шетелдік жалдамалы сарбаздар. Одан бөлек, 1000-нан аса тұрғын мен 127 бала қоршауда қалған. Бұл туралы Луганск облысының билігі хабарлады. Ал қызу шайқас жалғасып жатқан Донббасс пен Харьков аумағында жағдай тіпті ауыр дейді Украина Президенті.

«Өкінішке қарай біз шығынға ұшырап жатырмыз. Соған қарамастан мықты болуымыз керек. Бұл біздің ел. Донбассты сақтап қалу - міндетіміз. Сондықтан тойтарысты доғармай, жаумен күресті жалғастырсақ, оларда жеңіске жету мүмкіндігі азаяды», – деді Украина президенті Владимир Зеленский

Қиындықтарға қарамастан Украина әскері Донбасс аумағында қарсыластарына тойтарыс беруге тырысып жатыр. Бірақ әскери техникалардың жетіспеушілігі жағдайды қиындатқан көрінеді. Қазіргі таңда  2 апта бұрын АҚШ жеткізген ұшқышсыз ұшақтар қолданылып жатыр.  Алайда бұл Киевтің Батыстан сұраған қару-жарақтарының 10 пайызы. Ал Украина билігі Донбасстағы айқаста сәтсіздікке ұшырасақ, онда ресейлік әскерге Одесса мен ел астанасына жол ашылады деп алаңдап отыр.

Қазір Киев билігі мыңға жуық артиллериялық қару мен 200 ракета жүйесіне, 500 танкке және броньді көліктерге мұқтаж. Алайда бір уақытта көп мөлшерде ауыр техникаларды жеткізу мүмкін емес. Сондықтан украиналық әскерилер істен шыққан қару-жарақтар мен құралдарды қайта жөндеп, қолдануға мәжбүр. Ал Ресейдің Қорғаныс министрлігі қарсыластарын тұтқынға алуда бірқатар келеңсіздіктер орын алды дейді.

«Шамамен түнгі сағат 10:00-де қарсыластарымыз ақ жалау ұстап, ресейлік тарапқа берілуге тырысты. Сол уақытта бекетке жеткен украиналық әскерилер өздерінің 54-бригада құрамына шабуыл жасап, арт жағынан оқ атты. Атыс салдарынан 32 украиналық сарбаз қаза тапты. Осылай Киев билігі өз әскерінің кері шегінуіне тосқауыл қойып, жазалауға тырысты», – деді РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков.

Жалпы екі ел арасында қақтығыс басталғалы Украинанынң экономикалық секторы айтарлықтай зардап шекті. Елдің ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, егіс алқаптарының төрттен бір бөлігін жоғалтқан. Бұл ретте АҚШ президенті Джо Байден Украинаның шекарасына уақытша элеватор салынатынын мәлімдеді. Бұл астықты шет елдерге экспорттауға және әлемдік азық-түлік дағдарысын шешуге көмектеспек.

Аяулым Көлжігіт, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир