|
21.08.2023 | 17:15
1191

Айдың екі жағы да қараңғы ма: Алматыда халықаралық интеллектуалды сайыс басталды

Сайыста әлемнің 10 елінен келген жас ғалымдар бақ сынайды

Айдың екі жағы да қараңғы ма: Алматыда халықаралық интеллектуалды сайыс басталды Almaty.tv

«Айдың екі жағы да қараңғы ма? Неге шөп асфальт жабындысын тесіп өседі?». Бұл сұрақтарға бүгіннен бастап әлемнің 10 мемлекетінен жиылған жас ғалымдар жауап іздейді. Халықаралық деңгейдегі интеллектуалды сайыс елімізде биыл алғаш рет өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлемнің 10 елінен келген жас ғалымдар қазақы салт-дәстүрдің куәсі болды. Ұлттық нақыштағы киім, шашу, күмбірлеген домбыра үні. «Бөбек» гимназиясының ұжымы шетелдік оқушыларға сайыстың ашылу салтанатында ілтипат білдіріп, жылы қарсы алды.  

Жас жаратылыстану зерттеушілерінің турнирі осымен 11-рет ұйымдастырылып отыр. Биыл елімізде халықаралық жарыс алғаш рет  өткізілмек. Интеллектуалды сайыста 20 топ 4 кезеңде бақ сынайды. Еліміздің атынан 18 оқушы қатыспақ.

– Бізге Айдың қай жақ бетінің жарық екенін анықтау қажет болды. Ол үшін тобымызбен геометриялық талдау жасадық. Физика мен астрономияны да қолданып, Айдың бұрышын есептедік. Зерттеу нәтижесінде оның 25 пайызына ғана күн түспейтінін анықтадық. Тағы басқа да тапсырмаларды орындадық. Биылғы дайындығымыз жақсы. Қарсыластарымыз да білікті. Жеңеміз деп сенемін, – деді Xалықаралық жас жаратылыстану зерттеушілері турнирінің қатысушысы София Саенко (Қазақстан)

– Жарысқа елімізден 3 топ қатысады. Соңғы 3 аптада дайындық қызу жүрді. Күнде зертханадан шықпай, жобамызды жасауға күш салдық. Зерттеу жұмыстарына түрлі технологияны қолдандық, – деді Халықаралық жас жаратылыстану зерттеушілері турнирінің қатысушысы Илья Васильев (Болгария)

Дүбірлі додаға қатысушылар – Уругвай, Болгария, Ресей, Иран, Түркия секілді мемлекеттердің білімгерлері. Олар зияткерлік сайыста физика, химия, биология, математика және бағдарламалау сынды пәнді терең меңгеруге бағытталған 17 тапсырманы шешіп, өзара пікірталасқа түседі. Ұйымдастырушылардың сөзінше, турнир нәтижесінде жас зерттеушілердің еңбегі ғылыми журналда жарияланады. Тіпті автор атақты ғалымдардың назарына ілігуі де мүмкін.

– Былтырғы турнирде берілген тапсырмалардың ішінде өте қызық сауалдар болды. Сұрақтарға нақты дәлел болмаса да, теориямен жауап беруі керек. Сайыс интеллектуалдық, қиын дода десек болады. Жас ғалымдардың зерттелмеген тақырыптарда жаңалық ашуына ықпал етеді, – деді  Халықаралық жас жаратылыстану зерттеушілері турнирінің ұйымдастырушысы Илья Марченко.

Халықаралық зияткерлік сайыс 1 апта бойы жалғасады. Жарыста жүзден жүйрік шыққандарға бағалы сыйлық табысталмақ. Айта кетейік, былтыр дүбірлі дода Грузия елінде өтті. Қазақстандық оқушылар үшінші орынды иеленді.

Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы мемлекеттік мектептерінде электронды оқулыққа жазылу жалғасын табады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир