Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылындағы мектеп жылудың жоқтығынан үш ауысыммен оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқу ордасы суық болғандықтан білім алушылар сырт киіммен отырып сабақ өтеді. Ата-аналар балалар жиі ауырады деп шағымданса, білім мекемесіндегілер бір жыл бұрын жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары нәтиже бермеді деп наразы. Тақырыпты өңірдегі тілші тарқатады.
Қызылжар ауданы Бескөл ауылындағы мектеп-гимназия жылыту маусымы басталғаннан бері жылусыз отыр. Мекемеде 1000-ға жуық оқушы суық кабинеттерде сырт киіммен білім алуға мәжбүр. Кейбір сыныптарда жылу температурасы тіпті 13 градусқа дейін төмендеп кеткен. Үш қабатты ғимараттың үстіңгі қабаты мен шеткі кабинеттерінде мүлде жылу жоқ. Ата-аналар балаларының денсаулығына алаңдап отыр.
«Балалар көп ауырады. Өте суық. Өзімнің баламды бір жұма бойы үйде емдедім. Міне, тағы да жөтеліп жатыр. Қатты уайымдаймыз. Күн болса суық. Ұстаздармен тілдестім, ол кісілер де айтып жатыр, ешқандай қызмет атқарылып жатқан жоқ», – деді ата-ана Әйгерім Сағитова
Оқушылардың жиі ауыра бастағанын мектеп басшылығы да жасырмады. Олар мәселенің алдын алу үшін алтыншы желтоқсаннан бастап үш ауысымды оқу форматына көшкен.
«Санитарлық норма бойынша кабинеттерде 18-22 градус жылы болуы тиіс. Бірақ бізде 15 градустан аспады. Сол себепті үш ауысымды оқу форматына көштік. Барлық сыныпта үш топқа бөлдік. Таңғы сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін бірінші топ, 12:00-ден 16:00-ге дейін екінші топ, төрттен сегізге дейін 6:00-ден 20:00-ге дейін үшінші топ оқиды. Уақытша ғана. Балалар қазір жылы кабинеттерде оқып жатыр», – деді «Бескөл мектеп-колледж» ЖШС директоры Алмас Нұркеев.
Мектепті сенімгерлік басқаруға алған компания бір жыл бұрын мұнда 312 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Оның 60 миллион теңгесі жылыту жүйесін ауыстыруға жұмсалыпты. Мамандар, сапасыз жұмыс нәтиже бермегенін айтады. Орталық қазандықтың директорының айтуынша, мектептегі жылуды қалыпқа келтіру үшін айналымды реттеу қажет.
«Гимназияға бір жағына жылу кіріп тұр, бірақ дұрыс істемеген,білмеймін кім істегенін. Олардың өздері түсінбей тұр. Ішіне кірген жылуды алып, циркуляция жасау үшін өп жұмыс істелуі тиіс. Біз өзіміз 70 градус жылу бере алмаймыз. Қазіргі қазандықтар оны көтермейді», – деді «Қызылжар ЖКХ» ЖШС басшысы Қайырбек Нұралин.
Бір апта бұрын мектеп аумағында жеке серіктестік жаңа автономды қазандықтың құрылысын бастаған. Құрылыс жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Осылайша, 3-тоқсанның басынан бастап мектеп қалыпты оқу форматына көшуді жоспарлап отыр. Жаңа қазандықтың құрылысына шамамен 120 миллион теңге қаржы бөлінген. Бескөл ауылы облыс орталығы Петропавл қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан.
Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан