Жоғарғы оқу орындары мен колледждер дәстүрлі білім беру жүйесіне кезең-кезеңмен қайта оралуда. Әлемді жайлаған індетке байланысты студенттер онлайн форматта оқуға мәжбүр болған еді. Қазір бірінші курс студенттерінің бір бөлігі дәстүрлі оқу жүйесіне қайта көшіп, университет табалдырығын алғашқы рет аттамақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
25 қаңтарда оқу жылының екінші жартысы басталды. Бұл семестр колледждер мен университеттердің бірінші курс студенттері үшін ерекше. Себебі олар онлайн түрде ғана көрген оқу орындарында дәстүрлі форматта білім алып жатыр. Қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, бірінші курс студенттері үшін ерікті негізде кезең-кезеңмен аралас оқытуға рұқсат берілген. Оның ішінде 70% офлайн, 30% онлайн режимде.
«Біздің университет аралас оқыту форматына ауысты. Университеттегі он төрт факультеттің ішіндегі бес факультеттің бірінші курс студенттеріне офлайн форматына ауысуға рұқсат етілді. Ол дегеніміз шамамен біз мың екі жүз студентті офлайн форматқа ауыстырдық деген сөз», – деді Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі Нұрсұлтан Бекқайыров.
Аудиториядағы сабақтарда әлеуметтік ара-қашықтық сақталу үшін шахматтық тәртіпте бір орынға бір студент қана жайғасып білім алады.
«Жалпы қазір қуанышты сезімдеміз. Себебі онлайн оқудан кейін барлығымыз танысып, көріп, білістік. Десе де, офлайн оқуда көріскен ол анау құрлым жақсы. Және қарым-қатынас көбейе түседі деген секілді», – деді студент Ботагөз Ертайқызы.
«Дәл осындай студенттік жатақханалар 1 жылға жуық бос тұрды. Қазір еліміздің әр өңірінен студенттердің бір бөлігі оралып, бөлмелерге жайғасып жатыр. Алайда оқу аяқталғанша білім алу офлайн болады деп ешкім кепілдік бере алмайды. Себебі эпидемиологиялық ахуал кез келген сәтте өзгеруі мүмкін», – деді тілші Нұрқанат Атажан.
Қаулы бойынша, күшейтілген санитарлық режим сақтала отырып, колледж жатақханаларында тек 30%, ал жоғарғы оқу орындары жатақханаларының тек 50%-ы ғана толтыруға рұқсат берілген. Екі және үш адамдық бөлмелерде тек бір, ал төрт және одан да көп адамға арналған бөлмелерде екі адам ғана тұра алады. Ал студенттердің өзі жатақханаларда тұру мүмкіндігіне ие болғанына дән риза.
«Жатақханамызда барлық жағдаймен қамтылған. Жылу және ең бастысы карантиндік шаралар сақталған. Оқушылар маскамен жүреді. Ара-қашықтарды ұстайды. Жалпы барлығымыз қуаныштымыз. Студенттік өмірге енді үйренісіп жатырмыз. Ата-анадан жыраққа келдік», – деді студент Аружан Аманбай.
Мамандардың сөзінше, алдағы уақытта еліміздегі ахуалға сай, оқу жүйесі де өзгеретін болады. Қазіргі әлемдегі жағдайды ескерсек, елімізде студенттердің тек бір бөлігі ғана дәстүрлі оқу жүйесіне көшкенінің өзі жақсы жетістік дейді олар.
«1-ші курстардың офлайн оқуға келуі оқу жүйесінің толық дәстүрлі форматқа оралуын білдірмейді. Алдағы уақытта ақпан, наурыз айларында эпидемилогиялық ахуал жақсы болса, өзге студенттер де кезең-кезеңмен офлайн оқуға оралатын болады», – деді қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылова.
Қалай болса да, арқаны кеңге салу әлі ерте дейді мамандар. Сол себепті, сақтық шараларын барынша сақтанған дұрыс.
Нұрқанат Атажан, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы