|
26.01.2021 | 17:57
1845

Коронавирус «Болашақ» бағдарламасының студенттеріне қалай әсер етті

Үкімет тарапынан шетелдегі студенттерімізге қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

 Коронавирус «Болашақ» бағдарламасының студенттеріне қалай әсер етті © REUTERS / Vincent West

Бүгінде әлем жұртшылығының назары Ұлыбританияда. Онда коронавирустың мутацияланған жаңа түрі халық арасында тез тарап жатыр. Тұманды аралмен көршілес мемлекеттер шекараларын жауып, экономикалық қарым-қатынасты уақытша шектеді. Ал онда «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан қазақ студенттерінің жағдайы не болып жатыр?  Толығырақ Almaty.tv тілшісі Ұлбосын Найзақұл айтады.

Осыған дейін дәстүрлі форматта білім алып келген «Болашақ» стипендиясының иегерлері үшін бүгінде Ұлыбритания университеттерінің кампустары, зертханалары мен жатақханалары жабық. Тіпті, кітапханадан оқулық алуға да шектеу қойылған.

«Қазір Ұлыбританияда коронавируспен ауырып жатқан адамдардың саны көктемдегі болған жағдайдан жоғары. Сондықтан біз карантиндамыз. Енді бүкіл оқу онлайн болып жатыр және кітапханадан кітапты алуға тыйым салып жатыр үкімет. Қазір химия, медицина саласының студенттері ғылыми жұмыс жазуы керек, сондықтан өте үлкен зардап шегіп отыр», – деді Ұлыбританияның Strathclyde университетінің PhD докторанты Аңсар Бердіқожа.

Елдегі локдаун ресми түрде жаз айына дейін жалғасады. «Болашақ» бағдарламасы студенттерінің басым бөлігі аудиторияға барып оқыған атмосфера, мұғалімнің мотивациясы, студенттердің бір-бірімен күнделікті қарым-қатынасы жетіспейді деп күйінсе, ал бір бөлігі қашықтан оқудың өзіндік артықшылығын атап өтті.

«Толықтай онлайн жүйеге өту біз үшін де, оқытушылар үшін де басында қиын болды. Әр елдегі студенттердің уақытымен сәйкес келуі, үйде студенттердің өздерін еркін атмосферада, жайлы сезінуі – оқуға психологиялық тұрғыдан ғана емес, физикалық тұрғыдан да әсер етеді», – деді Ұлыбританияның Glasgow университетінің PhD докторанты Маралбек Зейнуллин.

Ал үкімет тарапынан шетелдегі студенттерімізге қандай қолдау көрсетіліп жатыр? Ол туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрбозова мәлімдеді.

«Ең маңызды қолдаудың бірі – бұл пандемия басталғанда шекара жабылып, түрлі әуе байланысы тоқтатылған кезде оқуы аяқталғанына қарамастан, елге орала алмаған стипендиаттарға бір айға дейін шәкіртақы төленді. Одан кейін сол пандемияға байланысты елге оралу шешімін қабылдаған стипендиаттарға Қазақстан нормасымен стипендия бекітіліп, Қазақстанда оқуын қашықтан жалғастырған стипендиаттарымызға да оқу жоспарына сәйкес ай сайынғы шәкірақысы төленіп отырды», – деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрбозова.

Айта кетейік, қазір 19 елде «Болашақ» бағдарламасының  558 стипендиаты офлайн оқып, елде қалған 70 студент қашықтан білім алып жатыр.  

Ұлбосын Найзақұл, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир