«Қазақстан мұғалімі-2021»: Алматыда жылдың үздік ұстазы анықталды

«Қазақстан мұғалімі-2021»: Алматыда жылдың үздік ұстазы анықталды
4 млн теңге сыйлыққа ие болған жеңімпаз енді «Әлем мұғалімі» байқауына қатысады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жылдың үздік ұстазы анықталды. Осымен үшінші рет өткізіліп отырған республикалық «Қазақстан мұғалімі-2021» ұлттық сыйлығының марапаттау рәсімі салтанатты түрде аталып өтті. Жеңімпаз жүзден жүйрік шыққан, финалдық кезеңге өткен он лауреаттың ішінен анықталды. Жылдың үздік ұстазы 4 млн теңге қаржылай жүлдеге ие болды. Енді ол «Әлем мұғалімі» байқауына қатысады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

«Қазақстан мұғалімі-2021» ұлттық сыйлығына 300-ден астам үміткерден өтінім келіп түскен. Олардың арасынан озық шыққан 10 педагог финалдық кезеңге өтті. Үздік ұстазды анықтаудағы негізі талап – мұғалімнің әлеуметтік істерге қатысуы назарға алынады. Халықаралық байқау елімізде қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының ұйымдастыруымен биыл 3-ші рет өткізіліп отыр.

«Құрметті достар, бүгінгі байқаудың финалистері, мен сіздермен мақтанамын. Бүгінгі жеңіспен шын жүректен құттықтаймын. Барлық мұғалімге зор денсаулық және шығармашылық табыс тілеймін», – деді Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының құрылтайшысы Әлия Назарбаева.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған үздік ондықтың арасынан алматылық Алла Буренкова үздік шықты. Ол қалалық №42 мектепте музыка пәнінен дәріс береді. Бүгінге дейін сабақ өткізу барысындағы ерекше әдістемелері халықаралық басылымдарда жарияланып жүр. Шәкірттері ғылыми сайыстардың және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары атанып үлгерген. Енді ол алдағы жылы өтетін «Әлем мұғалімі» байқауына жолдама алды. Халықаралық конкурстың жүлде қоры 1 млн АҚШ долларын құрайды.

«Шынымды айтсам, мен бұл жүлдені жеңіп аламын деп ойламап едім, әлі де сене алмай тұрмын. Бұл конкурс шынымен де, мұғалімдердің тәжірбиесімен және құндылықтарымен танысуға мүмкіндік береді», – дейді «Қазақстан мұғалімі-2021» ұлттық сыйлығының иегері Алла Буренкова.

Асхат Жұмабеков – Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебенің мұғалімі. Өткен жылы жаһандық сыйлықтың финалисі атанып, әлемнің үздік 50 мұғалімінің қатарына қосылған. Бұл – тарихи оқиға, өйткені бұрын-соңды елімізден бірде-бір педагог аталған сыйлыққа үміткер болмаған.

«Заманауи мұғалім әрқашан ізденіс үстінде жүріп, өзін жетілдіріп отыруы керек. Оқушылардың ғылыми жұмыстарымен айналысуына жағдай жасауы қажет. Жеке ұстанымым да осы. Сабақтарымды тәжірибе негізінде өткізуге тырысамын», – деді Global Teacher Prize халықаралық сыйлығының номинанты Асхат Жұмабеков.

Атап өткен жөн, Global Teacher Prize – Нобель сыйлығының баламасы. Тек ұстаздарға беріледі. Үміткерлердің еңбегін тәуелсіз сарапшылардан құралған педагогиканың жетекші мамандары, қоғам қайраткерлері және ата-аналар қауымдастығының өкілдері бағалады. Елімізде мұндай ұлттық сыйлықты өткізу дәстүрге айналмақ.

Ұлағат Арғын, Ялкунджан Әшімжанов, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров