Алматылық тәртіп сақшылары бір жылда 900 келіден артық есірткі тапқан

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл 24 зертхана анықталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық тәртіп сақшылары бір жылдың өзінде 900 келіден артық есірткі тапқан. Азаматтардан анықталған тек синтетикалық өнімнің өзі 300 килограммға жетіпті. Бұл тауардың қара нарықтағы құны 6 миллиард теңгеден асады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жуырда Алматыда 10 келі мефедронды иемденген полиция қызметкері жауапқа тартылды. Осыған ұқсас тағы бір факті Түрксіб ауданында анықталған. Синтетикалық есірткінің 5 килограмын тасымалдаған көпбалалы әке не жеткізіп жүргенін білмеген көрінеді.

Қазір ол қамауда. Күдікті әртүрлі жұмыс істеп, жан бағып жүргенін жеткізді. Қаржылық қиындық болған соң түрлі қызметке келісіп, түбі Телеграм желісінен бір-ақ шыққан. Курьер болып жүріп, тыйым салынған тауарды тасығанын білгенде, азаматтың үстінен іс қозғалды. Ол жазасын 20 жыл түрмеде өтеуі мүмкін.

– Сағым сынды. Балаларсыз өмір сүргім келмейді, олар мені күтіп отыр. Бұрын-соңды алысқа, ұзақ уақытқа кетпеп едім. Қазіргі тілегім – отбасымның жанына оралу, – деді күдікті.

Психотропты затқа тәуелді азаматпен сөйлесудің де реті түсті. Бізге айтқан дерегіне сенсек, ол есін алған есірткіге жасөспірім кезінде-ақ құмартқан. Содан бері бір күнін бір дозасыз елестете алмайтын ол болашағына сенбейді.

– Он бес жасымнан бергі ермегім – осы. Бір танысым жолығып, ұсынды. «Жылдамдыққа жарысасың ба?» деді, шегіп көрдік. Әлі қоя алмай келемін. Қолымда бардан айырылсам да, құмарым басылмады, – деді нашақор.

Ең қынжылтатыны – қазір есірткіні табудың жолы оңай. Қоғамның дерті болған бұл құралмен күрес тиісінше жүріп-ақ жатыр. Істің бәрі құпия тергелгенімен, прокуратура өкілдерінен бірқатар ақпар алудың сәті түсті.

– Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, есірткіге қарсы 282 іс-шара өткізілді. Есірткі таратумен және жарнамалаумен айналысатын 384 интернет сайты анықталып, жойылды. 7 мыңға жуық наркографити табылып, боялып тасталды. Есірткі құралдарын насихаттау және заңсыз жарнамалау фактісі бойынша 9 қылмыстық іс тіркеліп, 6 адам күдікті деп танылды және 1 іс сотқа жіберілді, – деді Алматы қаласының прокуроры Серік Кәріпбеков.

Биыл 862 келі психотроптық зат, 130 тоннадан аса есірткі дайындауға қажет өнім тәркіленген, 24 зертхана анықталды. Прокуратураның ақпарына сүйенсек, 771 қылмыстық істің 60 пайыздан астамы 17 мен 30 жас арасындағы азаматтарға қатысты қозғалған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы есірткіге тәуелділіктің басты себебі – ата-ана қамқорлығының жетіспеуі, қоғамдық ортаның бұзылуы.

Мадина Оқас, Рустам Аралбаев, Алишер Ерғалиев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: «Ойыннан тыс» жобасы: құмар ойынның қақпанына түскендер 100 миллиард теңгеге ұтылған

Новости партнеров