Шымкентте кейінгі екі жылда қыз алып қашудың 25 дерегі тіркелген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Қала прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, мұндай фактілер қалада әлі тіркелуде. Мәселен, соңғы екі жылда қалыңдықты алып қашу белгілері бар 25 дерек тіркелген. Биыл мұндай оқиғамен полицияға шағымданып келгендер болмады.
- Аталған факті бойынша қылмыстық істердің барлығы қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Негізінен қалыңдықтың өзі «күйеу жігіттің» үйіне өз еркімен келгені туралы түсініктеме жазады. Өкінішке қарай келіншектер сәтсіз некеден кейін отбасы үшін ұят болады деп қорқып, некеге тұруға мәжбүр, - делінген ведомство хабарламасында.
Ғабит Мұқановтың айтуынша, неке алдау мен зорлық-зомбылықтан басталмауы керек және құзырлы органдар қыз баланы асығыс қадамнан қорғауы қажет.
Прокуратура мәлім еткендей барлық ықтимал күйеу жігіттер мұндай қадамдар үшін сот жазасы ауыр екенін түсіне бермейді. Сондай-ақ «игі іс» деп санайтын достары да оған қауіп төндіріп жатқанын сезбейді.
Қалыңдықты алып қашқандар 10-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 125-бабы («Адам ұрлау») 15 жылға дейінгі мерзімге, 126-бабы («Бас бостандығынан заңсыз айыру») 10 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамауды көздейді.
Аталған баптар бойынша қылмыстық құқық бұзушылық туралы істер жариялы айыптау iстерi болып есептеледі. Мұндай жағдайларда бұл iстер бойынша қылмыстық қудалау жәбiрленушiнiң шағым бергені-бермегеніне қарамастан жүзеге асырылады.
Қала прокуроры мұндай қылмыстардың алдын алу үшін тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: Көлік сатып алғанда жүрісін азайтып көрсеткенін қалай анықтауға болады